///

Қандастарымыз кінәланбайды

1143 рет қаралды
6

2 ақпан күні «Егемен Қазақстан» газетінде  «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» атты мақала жарияланған еді. Елдің басын біріктіре алмай жүргенде Ата газеттің қазақтың арасына жік салғандай мұнысы не, жазғыштың жымын тауып өткізіп жіберген бірдеңесі болар ақсақтың аяғын бағалық деп аялдаған едік. Еліміздің бас газетінің бас редакторының өзі «Егемен Қазақстан» газетіне аталмыш мақалаға орай жазылған оқырман хатына мінеки жауап қатқан екен.  Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мінбер-ақпарат

 

Сауытбек ағаға!

Халқыңды қалдырдың ғой күмәнді ойға,

 Масқара болады екен мынандай да!

 Іні боп Ақселеуге сен еріп ең,

 Бала боп мен ілескем Тұманбайға.

Жігітсің сөзінде ел мақтаған әр,

 Отырсың биік жерде таққа балар.

 Қазақ деп қарсы айырылған көкірегі,

 Өмірден өтіп кетті жақсы ағалар.

Мендағы ақын болдым лапылдаған,

 Жетсем деп жүйріктерді тақымдаған.

 Жазғаның өз алдына бір бөлек жыр,

 Ұнайтын алдыменен атың маған.

Жігітті тегін емес мақтаса елі,

 Жайылды саған да ыстық бақ төсегі.

 Қырықтың екеуінде көзін жұмған,

 Жан ағам өзіңменен аттас еді.

Жап-жарық жігітпін мен іші былай,

 Кетеді кездескенге түсім ұнай.

 Жүреді соған деген сағыныштан,

 Бір өксік көкірегімді қысып ұдай.

Жатса да бірі мақтап, бірі сыбап,

 Келемін өз әлімше тырысып-ақ.

 Газеттен көре қалсам есіміңді,

 Көзіме кетеді бір жылы ұшырап.

Танытып кетпесем де тым естілік,

 Кететін кездерім бар күрес қылып.

 Сөйлесе біреу сенің атыңды атап,

 Тұрады құлағыма жылы естіліп.

Басыңа қонды сенің тамаша бақ,

 Дәуірің қойды алдыңа жаңа талап.

 Сен мені танымайсың, білмейсің де,

 Мен сені жүрдім туған аға санап.

Жарылды алпысыңда жұрт ағынан,

 Әлі де деді: тынбай шырқа, қыран.

 Сейфолланың арқасы шығар деймін,

 Сауытбек Ауыт(бег)ін бір таныған.

Төзгішпін ауырға да, жеңілге де,

 Бермеймін көп істерге көңілдене.

 Итіне талатады соры қалың,

 Сауытбек Ауыт(бек)тің елін неге!?

Деген ой ініңізден кетер емес,

 Шықпайды ағайыннан бекер егес.

 Алтайдан Түркияға барған қазақ,

 Түйесін тайсалмастан жетелеп еш.

Білесің тартқан кеше жолда азабын,

 Сен оның қайта жазып, толға зарын.

 Не үшін егемендік ала салып,

 Бұл қазақ жатсынады ол қазағын?!

Жүрсің ғой табақтас боп ішінде ұлық,

 Тұрады талайларды мысың бүріп.

 Қандасын неге «Егемен» кінәлайды,

 Айтшы, Аға, соны маған түсіндіріп!!!

Ауыт(бек) Мұқибек

Алматы

09.02.2012

Кеше екі кештің арасында бір жиынға бара қойып, редакцияға оралсақ, электронды поштамен келген осы өлең үстеліміздің үстінде жатыр. Сағат жетінің маңайында түсіпті. Газетте 2 ақпан күні жарияланған Сейфолла Шайынғазының «Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?» атты мақаласына орай жазылған. Бір аптадан бері сол мақаланың төңірегінде қаншама айқыш-ұйқыш, артық-кем пікір айтылып жатса да, ең алдымен ағайынның ауызбірлігін, одан кейін аузымыздың қадірі кетпеуін ойлап, жүйелі  сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар деген оймен жауапсыз қалдырмаққа бекінгенбіз. Ал сол наразылық өлең тілімен өрілгенде өзгеше әсер етеді екен. Жаныңа бөлекше батады екен. Айтпаса сөздің атасы өлер деп, қол қойылғалы жатқан газеттен орын босатып тұрып, мына ықшам жедеғабыл жауапты жазуға ұйғардық.

 Бауырым Ауытбек!

 «Халқыңды қалдырдың ғой күмәнді ойға, Масқара болады екен мынандай да!»  деп бастапсың өлеңіңді. Талай тілдеудің ұйқасқа түскен түрі болды ғой бұл деп әуелде тіксініп қалғанымыз рас. Сәлден кейін-ақ сөз саптауың өзгеріпті. Ішкі мәдениетің, адамды, ағаны құрметтеуің көрініп тұр. «Жазғаның өз алдына бір бөлек жыр, Ұнайтын алдыменен атың маған», депсің. «Қырықтың екеуінде көзін жұмған, Жан ағам өзіңменен аттас еді», депсің. «Газеттен көре қалсам есіміңді, Көзіме кетеді бір жылы ұшырап», депсің. «Сөйлесе біреу сенің атыңды атап, Тұрады құлағыма жылы естіліп» депсің тағы. «Сен мені танымайсың, білмейсің де, Мен сені жүрдім туған аға санап» депсің тағы.

 Мен бұл жедел жауапта «Егемен Қазақстанның» елдік мұраттарды ұдайы ұстана­тынын, ал елдік мұраттарының бірі қазақтың қабырғалы жұрт болуы екендігін, қабырғалы жұрт болудың басты бір шарты қатарының көбеюі екендігін, көбеймегеннің көсегесі көгермейтінін дәйім ескеретіндігін, болашақта демократия туындатуы мүмкін талай проблеманы демография шешіп беретіндігін, ал демографиялық өсудің басты тетігінің бірі тарихтың талайымен дүниенің төрт бұры­шына тарыдай шашыраған қазақты Отанына оралтып, қатарымызды қалыңдату екендігін білетіндігін, сондықтан да отандастарын тарихи мекеніне қайтарумен мемлекеттік тұрғыда айналысып жатқан әлемдегі үш елдің бірі болып табылатын біздің Қазақстанның бұл бағыттағы саясатын дәйім көрсетумен айналысатындығын, сол мақсатпен «Көбеймесек көсегеміз көгермес», «Оралмандар – Отан деп оралғандар», «Алыстағы ағайын»,  «Алыстан келген ағайын» сияқты талай айдар ашып, олардың аясында тәуелсіздіктің арқасында атамекенге жеткен қандастарымыздың арасындағы Алаш абыройын асырған асылдардың қасиеті, мына жанталас заманда ел ауыстырып, жер ауыстырып жүріп, жаңа мемлекеттен өз орнын тапқан, кәсібімен несібін теріп жеп, бала-шағасын асырап, білім алып, өнер қуып жүрген азаматтар жайындағы мақалаларды, сұхбаттарды жүйелі жариялап тұратынын, бас басылымның нақты жанашырлығымен талай бауырымыздың мәселелері оңды шешіліп жатқанын айтпақ емеспін. Көзі қарақты ағайын мұны жақсы біледі. Көрмес түйені де көрместің кебін киетіндердің жөні басқа.

 Енді нақты мақалаға келейік. Мақала, негізінен, бір-ақ мәселеге арналған. Ол мәселе – миграциялық саясаттағы көзге ұрып тұрған қиғаштық. Бауырларымыздың 60 пайыздан астамының төрт облысқа ғана қоныстанғаны – шындық. Ол төрт облыстың бәрі оңтүстіктегі өңірлер екені – шындық. Қандастарымыз аз барып жатқан өңірлерде қазақтардың аз екені – шындық. Дәл сол облыстарда жұмыс күші жетпей жатқаны, дәл сол облыстарда қазақ тілінің төменшіктеп тұратыны – шындық. Автор осы шындықтарды айтады. Оның себептерін талдайды. «Қазақстанда «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданып, ол бойынша жекелеген тұрғын үйлер ғана емес, сонымен бірге, бүтіндей бір ауылдардың тұрғызылғанын» мысалмен келтіреді. Маңызды мәселенің түйткілдерін атап, «Бәлкім жаңадан қоныс аударғандықтан тұрмыстарында белгілі бір проблемалардың да болуы мүмкін, бірақ «көш жүре түзеледі» деген мәтелді ескерсек, олардың да біртіндеп шешім табарына күмән жоқ», дейді, бұл істегі кем­шіліктердің себептері жайында сөйлегенде «Робот сияқты жұмыс істейтін кейбір шенеуніктердің алыстан келген ағайындарға салқын қарайтынынан, кейде себепсізден себепсіз әуре-сарсаңға салып қоятынынан да хабардармыз», дейді, «Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, адамдардың да жаратылысы, мінез-құлықтары әртүрлі. Сондықтан жұрттың бәрін бір қалыпқа сыйғызамын деу қателік», дейді, «елге оралған отандастарымыздың бәрінің бірдей өздерінің атамекендеріне шекесінен қарамайтынын, аңсаған Қазақстанымыздың бір пұш­пағынан орын бұйырғанына тәубе деп, өзге жұртпен бірге еңбек етіп, тыныш қана өмір сүріп жатқандарын» жазады, сөзінің соңын: «Ал енді, өз еліне өзі бұлданбайтын, өз еліне өзі қонақ болмайтын, мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті қанағат етіп, одан арғысын өз тірлігімен жалғастырып әкетіп жатқан ағайындарға қазақстандықтар да риза. Қарамыз көбейер еді, сондай ағайындар көбірек келсе екен деп тілейді…» деп бітіреді. Осы үзінділердің өзі-ақ мақаланың тұтастай алғанда қандастарымыздың қамын ойлап жазылғанын, қордаланып қалған мәселелерді шешудің жолдарын қарастыратынын, оқырманды ойласуға шақыратынын көрсетеді.

 Әрине, автор миграциялық саясаттағы қиғаштықтардан, осы орасан мәнді мәселені жеріне жеткізе ойластырмағандықтан, мысалы, Ақтөбе облысында 2010 жылы құрылысы басталған 300 пәтердің 271-і, Солтүстік Қазақстан облысында 140 үйдің 25-і, Шығыс Қазақстан облысында 363 үйдің 170-і бос тұрғанын айтқанында, Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің милиция генерал-майоры Хибратулла Досқалиевтің бір жиындағы баяндамасында 57 мың адам Қазақстанның жәрдемақысын алып, жеке куәлігін алмай жүргендігін келтіргенін айтқанында, 2007 жылы Солтүстік Қазақстан облысына барған 700 оралман отбасының жәрдемақы алысымен ізім-қайым жоғалып кеткенін, 2010 жылы Моңғолиядан келдік деп құжат өткізген ағайындардың 18 мыңы мүлдем ол жақта тумаған болып шыққанын, сол жылы Моңғолиядан оралдық деген 2 мың адамның 1400-нің екі ел арасындағы шекарадан ешқашан өтпегені анықталғанын келтіргенінде мақала әлдеқайда салмақты шығар еді.  Бірақ, қайталап айтамыз, мақала бір-ақ мәселе – елге оралған қандастарымызды ел аумағында біркелкі орналастыруға ұмтылу қажеттігіне арналған.

 Рас, Сейфолла Шайынғазының бұл мақаласы оның өзінің де, газеттің де сәтті жарияланымдары қатарына қосыла қоймайды. Өкінішке орай. «Елім» деп «еңіреп» жеткен қандастарымыздың» деген сияқты тіркестердегі тырнақшаларды кейбіреулер кекесін сияқты қабылдайтыны, «бауырларымыздың Қазақстанға Отаным деп емес, осында бұрыннан тұрып жатқан немесе соңғы жылдары көшіп келген ағайын-туғандарын сағалап, күнелту үшін келетіндігін дәлелдейді» деген тұстарды кейбіреулердің бүкіл оралман атаулыға бағытталғандай бағалауы мүмкін екендігі      ескерілмей қалған. Тіршілікке қолайлылау, жанға жайлылау жақтарды жақтыратын ағайындарды «жылы жерге тұмсықтарын сұғып бұғып отыратын» деп сипаттау да мыңдаған адамдардың көңіліне келмей қоймайтыны қаперге алынбай қалған. Қайтерсің. Тасқа түскенді балтамен бұтарлай алмайсың. Бірақ бұл айтылғаннан ол мақала оралман бауырларымызға қарсы бағытталғандай қараудың, оны тап бір «масқара» деп сипаттаудың еш жөні жоқ.

 Ауытбек! «Қандасын неге «Егемен» кінәлайды, Айтшы, Аға, маған соны түсіндіріп!!!» деп бітіріпсің өлеңді. Леп белгісінің біреуін емес, үшеуін қойыпсың.

 Не айтайын? Сөзің сүйегімнен өтті. Ағаңның аты Сауытбек екен. Есіміңді ағаңа ұйқастырып қойған екен. Ағаң қыршын кеткен екен. Менің де елуге жаңа жеткенінде өмірден өте барған жалғыз ағам, жан ағам көз алдыма келіп, өзімді аға тұтып жүрген қазақтың бір азаматының көңілін қабаржыттым ба деген ойдан жаным жабырқады. Қайтейін. Солай болыпты. Ғафу ет. Егер сондай ойлар басқа біраз адамда да қалса, бұл ол мақаладағы ниеттің, мақсаттың бөтендігінен емес, жекелеген тұстардағы өзімізді де өкіндіретін, бізге де сабақ болатын баз бір сөйлемдердегі, сөздердегі сәтсіздіктерден деп білгейсің.

 Ел аман, жұрт тыныш болсын, бауырым.

 Бар қазақтың атамекенге жиналар күні жақындай берсін.

         Құрметпен, ағаң                                 Сауытбек АБДРАХМАНОВ. 

«Егемен Қазаұстан» газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Сауытбек қанша дегенмен сауатты адам ғой. Мұнысы дұрыс болған екен, Анау Сайполда дегенінің өресі тым таяз екен. Сауытбек бұ мақаланы газетке жібермеу керек еді. Орын басарларына қатты сенген ғой. Сенген атым сен болсаң… деген осы. Ай-иии-и

  2. Қалай дегенмен де елді, жалпы қазақ ұғымын ұлт деңгейінен ойлағанда әр екеуінікі де далбаса пендешілік. Бірі “көкесінің” тапсырысымен оралманды соқты, бірі өз атағы үшін өлең жазып, газетке бастырды. Ал шын тағдыр, шын тірлік басқа жақта ғой…

  3. Кәкейден, кеше:
    қазақпын жат, жақын деп тектемеген,
    ере келген итке де кет демеген.
    бір атын пейілі түссе түсіп беріп,
    бір атым насыбайға өкпелеген.

    қазақпын қаз мойыны ойнақтаған,
    ой да баққан бір ыңғай қой бақпаған.
    ер елдігім ескімді жатсынбаған,
    тереңдігім ешкімді бойлатпаған.

    Бақытбектен, бүгін:
    қазақпын модасы мол, атасы ғұң,
    ақшаға анасын да сататұғын.
    кәпірге бар байлығын беріп қойып,
    өз ерін бас көтерген ататұғын.

    Қазақпын жемқорлары жеке тойып,
    Күн көрген қара халық желке сойып.
    мәз болып өзінікін кекеп, мұқап,
    Өзгенің текешігін теке қойып…

  4. Ауыздан шыққан сөз атылған оқ деген. Сөз айтылды, оқ тиді…Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды…. Осыны да білмей ме? Ер жігіттің екі сөйлегені өлгенмен тең деп тағы айтушы еді. Ер адам айттым бітті, кестім үзілді дейді. Арғы дағын ішің білсін әгаугай.

  5.  Швейцариядағы бір топ анау мен Р.Әлиев екеуі 400миллион швейцария франкін жымқырған деп әшкерелепті.
    【《财经》综合报道】瑞士通讯社13日报道称,一群哈萨克斯坦人在瑞士对被控侵吞4亿瑞士法郎的哈萨克斯坦总统那纳扎尔巴耶夫及其女婿提起诉讼。
      这一诉讼案的提出正逢瑞士检察官对纳扎尔巴耶夫的女婿铁木尔•库里巴耶夫被控洗钱一事展开调查,据称其洗钱数额达6亿瑞郎。
      最新的这起诉讼案首先把矛头指向库里巴耶夫。原告律师布鲁诺•德普勒表示,诉状称库里巴耶夫在任哈萨克斯坦国有的哈萨克石油天然气公司副董事长时,以3000万美元的价格购买了该公司的部分股份,随后以3.4亿美元的价格将所购股份售出。
      此次诉讼的第二部分针对纳扎尔巴耶夫。诉状称,2006年纳扎尔巴耶夫通过侵占卫星电视公司哈巴尔通讯社而将1亿美元据为己有。
    最近读者:
    Category: Хабар

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар