/

Cөздік туралы cөз

2339 рет қаралды


 Қазақ тілін үйренем деушілерге, сондай-ақ қазақ мектебіндегі оқушы балаларға, жалпы қазақ тілді қауымға Қазақ тілінің түсіндірме сөзігі (ҚТТС) ауадай қажет. Соңғысы 2008 жылы басылған екен. Бұл жайлы тіл мамандары әлдеқашан сөз қозғап, пікір-талас, ғылыми сындар болған да шығар. Мен бейхабармын. Бірақ артық болса да, кеш болса да өз пікірімді айту парызым ғой. Сөздік кім пайдаланады дейсің дегендей өте жауапсыз әрі ат үсті, асығыс басылған дер едім. Олай дейтін уәжім мынау: 

Сөздік пайдаланушыларына қажетті мағлұматтарда сөздік ішінде жиі кездесетін ромб, квадрат тәрізді белгілер не үшін берілгені жазылмаған. Мағлұматты хажы сөзінен бастайды да оны былай деп түсіндіреді. 1.Құдайға құлшылық етіп хажы атану үшін Мекеге бару ісі. 2. Мекеге барып құдайға құлшылық етіп келген кісі. Құды жаңылпаш. Неліктен хажы сөзін таңдағандығын ұқпадым. 9 – бетте үтірлі нүкте қойылды дейді, ол жоқ. Жай, салқын деген сөздердің алдында үтір ғана тұр. Сонда сөздіктің тыныс белгілерінің шын-өтірігіне кім кепіл әрі сенім бар ма деп ойланасың? 

Шет ел тілдерінен енген ғылыми термин – атау сөздерге таласым жоқ. Дәл енді горка, гонон, угро-фин дегендей немесе ем-дәрі аттарының көбі сөздікке енбей қалған. Ал шет тілдерден енген атаулар қай елдікі екенін аңғартса үлкен жетістік, зор мәдениеттің нышаны болар ма еді.

Сөздікті құрастырушы ғалымдар Эиэн,Чукша, Чуваш…тардың бірін қалдырмай жазғанда өзіміздің албан, суан, керей, найманды қалыс қалдырған. Эвен, Эстон деген ел атаулар бар да Эфиопия, Эритрея, Эквадор т.т деген елдер қазақпен араздай жазылмаған. 

Зайып, жұбай, ілгек, ілмек деген сөздерді бірін бірінен ажырата алмаған (қазақ қашаннан зайып деп әйелін, жұбай деп ерлі-зайыпты екеуін қосақтап айтпаушы ма еді. Сондығы үшін қазақта ерлізайыптылар, жұбайлар деген сөз тіркесі қалыптасқан болу керек. Ал ілгек – ілуге, ілмек — ілінуге арналып жасалады емес пе? Авторлардың дәлелдегеніндей синоним сөздер емес, антонимдер болу керек. Осындай күнделікті тіршіліктегі қолданыстағы атауларға да дұрыс түсінік берілмеген. Керегенің жел көзі деген көнере бастаған сөзді керегенің кең көзі деп түсіндіргеніне таңдану артық шығар. Мағынасын айыра алмаған сөздерді өздерінше түсіндіргісі келеді. Қызыл іңір, майлық, сулық орамал сөздерін не дегенін өздеріңіз көріңіздер. 

Тіл халықтың, ұлт этнографиясының энциклопедиясы. Сондай-ақ,кейбір сөздердің мағыналарын анықтап, түсіндіруде сөйлем құрауы, сөз саптаулары да жұпыны.Мысалы: Азимут, пеленг деген екі сөз – әрине керекті техникалық атау сөздер. Біреуі теңізде, ал екіншісі құрлықта қолданылатын болуға керек. Мағынасы көрінген зат немесе шыққан дыбыспен терістік (темір қазық бағыты) арасындағы бұрыш. Кітаптағы түсінік мүлдем басқаша. Плевра деген сөзді «сірі қабық» деп түсіндіруге тырысса, Плеврит «өкпе қабынып,суық тиюден болатын ауру» делінген. Сонда «сірі қабық» қайда қалды? Призма деген геометриялық атауға және тригонометриялық төрт функцияға берген анықтамаларын оқысаңыз ішегіңіз қатады. Сөз таба алмаған ба, терушінің қолқабысы ма секанс, косеканысты жазбаған. Эллипс, Электрон деген атауларды былайша түсіндіреді. Эллипс, мат. Дөңгелек конустың, бір жақ қуысының,басқа бір жазықтықпен қиылысу сызығы Не ұқтыңыз? І.Электрон, теріс зарядпен зарядталған атомның кішкентай бөлшегі.  Бұдан менің ұққаным: «атом теріс зарядпен зарядталады, оны картопша турағандағы ұсақтарын электрон деп атайды». Жеке, салалық ғылыми тілдерді таныстыру, түсіндірмек болған талпыныс көп-ақ. 

Ал кейбір байырғы сөздеріміздің өзін дұрыс түсіндірмегені қайран қалдырады. Мысалы, қиқым деген сөзді «бір нәрсенің майда ұсақ қалдығы, қоқым» депті. Қоқым мен қиқым екі басқа тәрізді еді. Ілгергі деген сөз: «1.бұрынғы, бір кездегі. 2. Алда, болашақта, келешекте» деп түсіндірілген.

Тілімізде аудан және көлем деген екі сөз бар. Әдеби сөздіктерде, аталмыш екі сөзді бір біріне ұқсас мағналы сөздер ретінде түсіндіреді. Менің ұғымымша, геометрялық денелермен байланыстыра айтсам көлем бірлік кубтармен анықталатын үш өлшемді кейіптегі дене. Ал аудан квадраттық бірлік пішіндермен анықталатын екі жақты өлшемдегі жазық дене. Осы екі сөздің синоним болатын себептерін түсінбейтіндігімді және де баспагерлер синоним емес сөз екендігін аңдай ма, аңдамай ма ағыммен кете береді.

Енді осы сөздікте өріп жүрген орыс өздерінің санын санаудың өзі артық әурешілік. Бұл кітап орысша-қазақша сөздік емес болса, осы сөздікті қайта қарау керек шығар деп ойлаймын. 

ҚТТС төңірегінде айта берсе шексіз кір табылады. Біткен іске сыншы көп қой. Әйтседе… Өзіме ұнамағанын жаза берсем онда кітапты жартылай  көшірермін. Сөздік ойыншықта, бір табыскөрдің өнімі де емес, халқымыздың ғасырлар бойғы тіл жетістігі, мәдениетіміздің шыңы. Сондықтан салғырт қарауға болмас. Сүйте тұра сөздікке,түзетулер, пайдалы кеңестер берген деп көзі тірі, кәдірлі жазушыларымыздың атын тізіп не қажет. Солардан не қарағансыздар деп сұрағың да келеді. 

Бұл бір ғана кітап туралы пікірім, ал қазақ тілді жеке меншік болсын, ресми болсын басылымдарда әріп қате, сөз саптау, сөйлем құраудағы орашолақтық орасан мол. Редакцияда корректор, редактор деген болушы еді. Қазіргілері не ректор не актер болып кеткен-ау деймін. Басылым еселеу алдында, қаншама рет оқылып, кем-кетігі түзелгеннен кейін барып еселенуші еді. Кітап басылып, түптеліп, қапталып жатқанда баспахана тағы оқып, байқалған қателер болса тілдей, етектей қосымшалар кітап арасында жүруші еді. Енді ол жоқ. Жуықта «Мұқағали бастауы» сериясының «Білгің келсе алдымен зертте мені» кітабы қолыма түсті. Әріп қатесінен аяқ алып жүргісіз, бет сайын, кейбір сөздер не деп тұрғанын талдап, тауып, танып білуге оқығаннан арман әуре боласың. «Н» мен «ң»-ның орнын ауыстырып жаза салу немесе «ң»-ның орнына «н»-ны жиі қолдау басым. Негізі мәтінді қазақ тілінің ережесін мардымсыз білетін адам жазғанда, оны не корректор, не редактор оқымаған.

«Қателік жасау күнә, қателікті көре тұра көрмегенсу одан өткен сорақылық» демейме қазақ.    Зуха Жапарұлы (зейнеткер)

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар