/////

Аспаннан қазақ жауып тұр

1688 рет қаралды
4

(Тарихи дастан) 

Жәркен БӨДЕШҰЛЫ

Пролог орнына

Әри-айдай арбаның дөңгелегi,
Кейiн қалды елiмнiң бiр бөлегi.
Кейiн қалған елiме барар едiм,
Қорқытады орыстың зеңбiрегi.
(Халық өлеңi).

I

Жүрегi қашан қуанбақ?
Көз жасы қашан құрғамақ?
Не көрмедi бұл қазақ,
Не көрмедi бұл қазақ?
Жұтынған жұтты –
Қақаған аязды –
Шiлiңгiр ыстықты –
Сел, тасқынды –
Қырғын соғысты –
Ашаршылық, жоқтықты –
Тонау, зорлауды –
Үркiтiп, қорлауды –
Жалған жаланы –
Алдау, арбауды –
Түнек-түрменi –
Бәрiн де, бәрiн де көрдi.
Сорғалаған көз жасы –
Төгiлген қаны –
Тұңғиық көл болды.
Көл булығып, бұлт болды.
Бұлт буға айланды.
Бұлтты дауыл айдады.
Өз Отаны шет қалып,
Қайран қазақ, кеттi ауып!
Бiр көш ауды – Қырымға.
Бiр көш ауды – Үрiмға.
Бiр көш ауды – Өзбекке.
Бiр көш ауды – Түрікменге.
Бiр көш ауды – Мұңғылға.
Бiр көш ауды – Қытайға.
Бiр көш ауды – Ауғанға.
Ауған елде күй бар ма?
Бiр көш ауды – Иранға.

Иен қалған жұртында:
Ошақ қалды оты өшкен.
Қазан қалды қайнамай.
Көсеу қалды көселмей.
Есiк қалды жабылмай.
Бесiк қалды тербелмей.
Саба қалды пiсiлмей.
Қымыз қалды iшiлмей.
Томағалы құс қалды.
Тұғыр қалды тұнжырап.
Бұзау қалды байлаулы.
Құлын қалды ноқталы.
Қазық қалды қағылған.
Қозы, лақ қалды көгенде.
Итi қалды ұлыған.
Оба қалды омайып.
Мола қалды молайып…
Ауған елдiң артында:
Тауы қалды аңырап.
Орманы қалды жамырап.
Өзенi қалды өксiген.
Көлi қалды көпсiген.
Аласарса биiгiң,
Тауық түнеп саңғырар.
Ауса бөкен, киiгiң,
Қара көзiң қан жылар.
Шешегiңдi қар басса,
Көбелегiң қалтырар.
Шешен тiлiң алжасса,
Санаң судай сарқылар.

II

Сағынғанда бiр келерсiң,
Сарғайғанда бiр келерсiң.
(Манас жырынан).
Ойлай-ойлай мекенiн,
Сақал-мұрты ағарған.
Сағыныштың не екенiн,
Сұрадым қарт бабамнан.
«Сағыныш шiркiн, әу баста,
Кiндiктен тамған түйiр қан.
Ел ауғанда аулаққа,
Көзден жас боп құйылған.
Салқын күз, сарғыш төңiрек,
Мезгiлдiң о дағы қонағы.
Сағыныш – сары көбелек,
Сарғайған гүлге қонады.
Еске мұны бiр сақта,
(Сағыныш жөнi бөлек қой),
Сарғайып жатып құрсақта,
Өмiрге келген бөбектей.
Сағыныш деген – нар қамыс,
Күн көзiнде сарғайған.
Сағыныш – үмiт, ар-намыс,
Қылышы кекке қайралған.
Сарыуайым құр елес,
Түбiңе жетер желiксе.
Имансызға түнемес,
Сағыныш аппақ перiште.
Сағыныш – қызыл өртпен тең,
Жанды жалмар асқынса.
Сағыныш – сартап дертпен тең,
Жүрекке шабар қасқырша.
Көктемге көнер кәрi қыс,
Қайрат жеңер қайғыны.
Саф алтындай сағыныш,
Рухтың ұлы байлығы.
Сағынышпен емдедiм,
Жанымды мынау жаралы.
Сағынбаған пенденiң,
Сағы сынып қалады.
Қайғыландым, қажалдым,
Көңiлiм бiрақ әлi жас.
Сағынышқа ажалдың,
Улы тiлi дарымас.
Сарғайса да санасы,
Үмiт оты сөнбейдi.
Арманшыл адам баласы,
Сағыныштан өлмейдi.
Ықтатпадым ырқымды,
Алынбаған қамал көп.
Туған ата-жұртымды,
Сағынбасқа амал жоқ.
Қиял кештiм мың түрлi,
Көңiлдi бұлт торлайды.
Өз тiлiмдi, ұлтымды,
Сағынбасам болмайды.
Елге деген сағыныш,
Ер көңiлдiң жалауы.
Жерге деген сағыныш,
Ет жүректiң қалауы.
Елiк қиял елбiреп,
Бiр орнында тұрмайды.
Ет бауырым елжiреп,
Жер жүрегiм тулайды…
Құт дариды орманға,
Қоңыр самал жел өпсе.
Ел – оң көзiм болғанда,
Жер – сол көзiм емес пе?
Бөлiнбеген еншiсi,
Егiз ұғым – ел мен жер.
Ай да – Күннiң көршiсi,
Бiр-бiрiнен бөлмеңдер.
Айды Күннен бөлсеңiз,
Жарымайсыз жарыққа.
Елдi жерден бөлсеңiз,
Таңыларсыз табытқа.
Ай, Күнсiз дүние қараңғы,
Қандай жақсы таң атқан!
Алланың өзi Ғаламды,
Сағынсын деп жаратқан.
Бiр күлсе де, бiр жылап,
Сағынғанның бағы бар.
Орман қыстай тұнжырап,
Жапырағын сағынар…
Көл сағынар аққуын.
Тау сағынар миясын.
Жер сағынар пәк гүлiн.
Құс сағынар ұясын.
Құлан қағын сағынар.
Жылан iнiн сағынар.
Бұлбұл бағын сағынар.
Дүлдүл бәрiн сағынар.
Өзектi өртеп қанатқан,
У қосылған уайымға.
Жарылқаушы Жаратқан,
Екi көзден айырма!
Тiлерiм сол саған да,
Мұңдас, сырлас ағайын!
Қос шырағым аманда,
Елдi көрiп қалайын.
Алатауды бiр көрсем,
Айығар ем дертiмнен.
Қаратауда күн көрсем,
Еркелер едiм еркiммен.
Көкшетаудың бал, шұбат,
Дәмi қашан бұйырмақ?
Құлагер атты қамшылап,
Кетер едiм құйындап.
Тарығасың, наласың,
Мезгiлсiз гүл солар ма?
Сарыарқаның даласын,
Көрер күнiм болар ма?
Көңiл шiркiн, далұрып,
Күй кешемiн мен нендей?!
Қалар едiм аңырып,
Абылай ханды көргендей.
Сағындырған елге ассам,
Жанарыма жас алып.
Жетiсуда жер бассам,
Қалар едiм жасарып.
Болмаса да атағым,
Алты Алашқа жар салар.
Желбiретiп сақалын,
Жамбыл қашан қарсы алар?!
Алакөлге әйгiлi,
Жұп-жұбымды жазбай кеп.
Шомылармын қай күнi?
Үйрек пенен қаздай боп.
Адыра қалып уайым,
Жарқыраса ай маңдай.
Атыраудың мұнайын,
Ұрттар едiм айрандай…
Бұрылып тұр бүйрегiм,
Ақжайыққа қонарға,
Құрманғазы күйлерiн,
Естiр заман болар ма?
Алтай тауға тез өтсем,
Аңыратып самалын.
Сүйер едiм кезекпен,
Бұғы менен маралын.
Айнысам дiл, тiлiмнен,
Қалар менi кiм қорғап?
Қол-аяғы тiлiнген,
Туған анам күң болмақ.
Дегдар әкем құл болмақ.
Иманы жоқ құр кеуде,
Бордай болып тозады.
Осы емес пе бiлгенге,
Бұл жалғанның тозағы.
Салты бөтен, жүзi жат,
Жүрмiн өксiп бiр елде.
Ата-жұртым – ұжымақ.
Амалым жоқ кiрерге…
Есiңде болғай бөрiктi ұл,
Күтiп тұр алда не бiр сын.
Арамызда бөлiп тұр,
Шекара деген темiр сым.
Темiр сымның шетiне,
Келiп тұрмын қалғымай.
Бiр жүректi екiге,
Бөлiп қойған тағдыр-ай!».

Авторлық шегiнiс – 1
Бiр қазақты қоссам деп бiр қазаққа,
Арманым жоқ, күйiп кетсем тозаққа.
Төрт құбыламды алайын деп түгендеп,
Қарғып мiндiм тағалаулы боз атқа.
Еуропаның киген костюм-шалбарын,
Кезiктiрдiм Түркiстанның шалдарын.
Кезiктiрдiм Ақтөбенiң тумасын,
Мұхиттардың асып едiм, ар жағын…
Тiлiн тапқан әрбiр елдiң, әр сайдың,
Қандасымды көрген сайын марқайдым.
Сонау жылы Стамбулға барғанда,
Кезiктiрдiм Керейлерiн Алтайдың.
Жортқан сайын кезiгедi қайдағым,
Қайран ұлтым, айраным мен қаймағым.
Аттың басын тiреп едiм Иранға,
Жолықтырды Алакөлдiң Найманын.
Сонау, сонау, сонау қиын заманда,
Қайран қазақ, қарсы шапқан қамалға.
Әр жерден бiр төбелерi жылтырап,
Кезiгедi Уағым да, Тамам да.
Бiр қазақты қосам деп мың қазаққа,
Өз еркiммен күйiп жүрмiн тозаққа.
Iздеп тауып алайын деп жоғымды,
Қарғып мiндiм атқан таңдай боз атқа.
Жолың болғай дегейсiң!

III

Ерiксiз түскен еңiстен,
Еркiңмен шыққан өр артық.
Абай.

Кеңге салып арқаны,
Дәнiккен бал мен шекер жеп.
Сұрадым байдан қалталы,
Тәуелсiздiк не екен деп?
Байлық дедi ол бөгелмей,
Жуан қарнын бiр сылап.
Кедейлiк, жоқтық көген ғой,
Олар қалай жүр шыдап.
Берлиндi қалған мекендеп,
Ел жаққа түрiп құлағын.
Бостандық деген не екен деп,
Бiр қазақтан сұрадым.
«Бостандық, – дедi ол, – туған жұрт,
Тал бесiктiң құндағы.
Демеңiз менi, жүр қаңғып,
Тағдырдың iсi бұл-дағы.
Iшiмде шер, күйiгiм,
Сатқындық жоқ салтымда.
Қарақұмның түйiрiн,
Бермес едiм алтынға…
Тiрлiктiң iсi тiрi егес,
Қауiптi емес ол да аса.
Байлық, мансап түк емес, –
Туған халқың болмаса!».
Салпаңдатып құлағын,
Есек мiнген тепеңдеп.
Ерiксiз құлдан сұрадым,
Еркiндiк деген не екен деп:
«Рахмет, мырзам, еледiң,
Сақтамай қулық iшiңе.
Еркiндiк, теңдiк дегенiң,
Кiредi тек түсiме».
Ойына көркi жарасқан,
Санасы саңлақ, маңдайлы.
Сұрадым атпал Алаштан,
Тәуелсiздiк қандай-ды?
«Осы бiздiң қазаққа,
Көзi түзу Алланың.
Дем берiп ұшар қанатқа,
Меңзедi бұлттың ар жағын…
Аңсап күткен арманы,
Бiр қиырдан оралып.
Ақсұңқар құс самғады,
Аспан ашық, жол анық.
Азаттық алған Алашым,
Түрдi түнек, қыспақты.
Мiнгiзiп атқа баласын,
Қос тiзгiнiн ұстатты.
Қондырды таққа қолдасып,
Киiзге салып Ұлығын.
Көтерiп шаңырақ, Ордасын,
Шаншыды алтын уығын.
Түгендеп түгел мал, басын,
Жаңғыртты өлке, аймағын.
Өрнектеп ойып таңбасын,
Шашақтап Көк Байрағын.
Тұйыққа тiреп мезi еткен,
Тастады ашып қақпасын.
Төрткүл дүние кезекпен,
Тiредi келiп ат басын.
Жүк қалдырса – нарға сын,
Қазақ қандай ақылды.
Ауып кеткен қандасын,
Ата-жұртқа шақырды».
Дүниежүзi қазақтарының тұңғыш Құрылтайы Тәуелсiздiктiң алғашқы жы­лы Алматы қаласында дүркiреп өттi. Ашық аспанды күндей күркiреткен алып ұшақтардан әлемдiк меймандар тәу­лiк бойы толастамай нөсердей төгiлiп тұрды.
Төгiлiп тұрды көк нөсер,
Нөсер емес кiл қазақ.
Өз көзiңмен көр де сен,
Құбылыс қой бұл ғажап.
Аспаннан Алаш жауғанда,
Алматы гүл-гүл нұрланды.
Нұрланды бақша-баулар да,
Ағаштар дүр-дүр бүр жарды.
Тасқа да тамыр бiткендей,
Қызыл-сары мүк басты.
Тұла бойын құт керней,
Қарағай, шырша жұптасты.
Құйып тұр нөсер сабалап,
Толастамай, басылмай.
Апорттар доптай домалап,
Шашылды жерге шашудай.
Боз талдың бойы ұзарды,
Үзiм моншақ үзiлмей.
Шиелер тегiс қызарды,
Ұялшақ қыздың жүзiндей.
Алшы түсiп асығы,
Аспаннан қазақ жауған күн,
Дос мерейi тасыды.
Құты қашып жаулардың,
Елiңнiң тартты көшi өрге.
Нөсерле, қазақ, нөсерле!
Ата-жұртқа кiм келдi?
Бөлiнбеген дiн келдi.
Бұлғанбаған тiл келдi.
Күмбірлеген күй келдi.
Мың бұралған би келдi.
Сұлулық келдi. Сән келдi.
Ұмытылған ән келдi.
Береке келдi белсенiп.
Махаббат келдi өртенiп.
Адалдық келдi алқынып.
Шындық келдi шырылдап.
Арман келдi шарқ ұрып.
Елдiк келдi еңiреп.
Қайсарлық келдi құлшынып.
Үмiт келдi үлбiреп.
Бөлiнгендi бүтiндеп,
Ортайғанды толтырып.
Толықсытып қалың елдi,
Келдi, келдi, бәрi келдi!
Алматыға кiм келдi?
Қазақ келдi, қаз келдi.
Қазбенен бiрге жаз келдi.
Жер көгерер, ел өссе,
Арналар соған ән-жырым.
Алланың нұры емес пе,
Шелектеп жауған жаңбырым.

IV

2002 жылғы қазанның 23-24 күндерi Түркiстан қаласында Дүниежүзi қа­зақтарының ІІ Құрылтайы ашылды. Бұл Құрылтайға әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келген 400-ге жуық қазақтар қатысты.

(Құрылтай шежiресiнен).
Түркiстан екi дүние есiгi ғой,
Түркiстан ер түрiктiң бесiгi ғой.
Мағжан Жұмабаев.

Қазан айы көгiнде,
Толғатып тұр буаз бұлт.
Қаяу салып көңiлге,
Абыржыды бiраз жұрт.
Қалайда бар бiр қауiп,
Тiршiлiк тұр қорғалап.
Кетер ме екен қар жауып,
Әлде нөсер сорғалап…
Құпиясын жасырып,
Табиғат тiл қатпайды.
Мүмкiн аспан ашылып,
Жер былығып жатпайды…
Әлде ерте, әлде кеш,
Бүрлейдi екен тасжарған.
Жаңбыр да емес, қар да емес,
Қазақ жауды аспаннан.
Бүкiл Тұран ойпаты,
Елеңдеген, елтiген.
Қаратаудың қойтасы,
Домалады өз еркiмен.
Сиремей мейман қатары,
Тiрегенде ат басын.
Түркiстанның шаһары,
Айқара ашты қақпасын.
Ой жетпес шыңға, қол жеттi.
Күмбiрлеп кеттi күй демде.
Қазақтар еркiн төрлеттi,
Тiгiлген ақбоз үйлерге.
Әнұраны Көк бойлап,
Көл толқып, тау тебiрендi.
Желбiредi Көк Байрақ,
Болашағын ел көрдi.
Тiл-жағы бөздей жыртылып,
Жыраулар төпеп жаңбырын…
Әншiлер құстай сiлкiнiп,
Құйқылжытты ән-жырын.
Таңқалды мейман, жамағат,
Көргендей асыл бейненi.
Он жасар ойшыл азамат,
Тәуелсiздiк сөйледi:
«Армысың, қандас қауымым!
Қонағым құтты армысың!
Елжiреп жүрек, бауырым,
Сiздерге айтар алғысым.
Қазақ деген ұлт – бiреу,
Ғарышта, жерде жүрсе де.
Отаны бiреу – құт тiреу,
Алтын тағы – Күлтөбе…
Күлтөбеге жиылып,
Кеңес құрған қандай-ды.
Билер мұртын шиырып,
Алыстан жауын барлайды.
Баладай пәк, тiлалшақ,
Күллi Алаштың тiлi ортақ.
Дiнi, салты, дiлi ортақ.
Қазақ тiлден айрылса,
Маған қауiп төнедi.
Қазақ дiннен айрылса,
Жүрегiм жүнжiп, сөнедi.
Сенiмдi досым Қаламсап,
Құранның жазған сүресiн.
Бiрiншi жауым – Жарамсақ,
Табанымнан сүйетiн.
Қисынын табар қиялап,
Сақтанам өсек, ғайбаттан.
Екiншi жауым – Қиянат,
Адалдың сорын қайнатқан.
Ұлтымды жаным сүйедi,
Мәңгүрттен көрер ел қорлық.
Түгiмен жұтқан түйенi,
Үшiншi жауым – Жемқорлық.
Адалдық – ардың айнасы,
Сақтасын, Тәңірiм жаладан.
Төртiншi жауым – Лаңкестiк,
Халықты бұлап, талаған.
Мейiрiм, шапағат – ұраным,
Санам ада жанжалдан.
Ата заң – әдiл құралым,
Қара қылды қақ жарған.
Аман бол, қандас бауырым!
Мейманым құтты аман бол!
Елжiреп жүрек, бауырым,
Тiлеймiн аппақ саған жол!».

***

Бұлттан шықты Күн көзi,
Құлпырды гүлдiң шешегi.
Күмбiрлеген күмбезi,
Иассауидiң кешенi…
Айнала халал шырын бақ,
Мұсылманға несiп бұл.
Мұсылман торғай шырылдап,
Мұсылман жел есiп тұр.
Бiлдiрiп құрмет, iзетiн,
Ашылды алдан дәу есiк.
Меймандар бүктi тiзесiн,
Аруақтарға тәу етiп.
Киелi екен бұл аумақ,
Имансыз болсаң жүр аулақ.
Абылай ханның рухы –
Есiм ханның рухы –
Құлқожаның рухы –
Қасым ханның рухы –
Әз Тәукенiң рухы –
Қазыбек бидiң рухы –
Хазiрет Сұлтан рухы –
Орнынан тұрды бiр аунап.
Табалатпай шайтанға,
Қорлатпай жалдап, сайқалға.
Зиратын хан мен билердiң,
Мешiт қорғап, сақтаған.
Қуанып кiрiп меймандар,
Ойланып шықты қақпадан…
Түркiстанда Түмен баб,
Сайрамда бар сансыз баб,
Отырарда Арыстан баб,
Самарқанда сансыз баб,
Ең үлкенi Арыстан баб,
Айналасы гүл өрнек,
Бас қосқандай осында,
Әулиелер түгел кеп.

Авторлық шегiнiс – 2
Бауырым көшiп келсе де –
Құшағыма енсе де –
Ауылым көшiп келсе де –
Адал асын берсе де –
Ақ бетеге, ен жайлау –
Ағынды бұлақ кең жайлау –
Кiндiк қаным бiр тамған –
Жайырым көшiп келмейдi-ау!
Сағыныш шiркiн меңдесе,
Жалғыз басты ой басар.
Жалғыз жүрек шөлдесе.
Менi уайым меңдедi.
Елiм көшiп келсе де,
Жерiм көшiп келмедi.
Сол жаныма батады.
Сорым шығып сыртыма,
Iшiме қан қатады.
Күмiлжiп Күнiм батқасын,
Талықсып таңым атады.

V

2005 жылғы қыркүйектiң 28-30-да Астана қаласында Әлем қазақтарының ІІІ дүниежүзiлiк Құрылтайы өттi. Құрылтайға әлемнiң 32 елiнде тұратын, атап айтқанда, Ресейден, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Моңғолиядан, Түркиядан, Швециядан, Даниядан, Норвегиядан, Чехиядан, Ираннан, Ауғанстаннан, АҚШ-Канададан, Тайваннан, Қытайдан қазақ диаспорасының 300-дей өкiлi шақырылды.

(Құрылтай шежiресiнен).

«Көне тарихымыздан берi тұңғыш рет өз Астанамызды, өз Елордамызды 4-5 жылда орнатып, бүкiл дүниенi таң- қалдырдық. Астананы ғарыштан қазақ ғарышкерi Талғат Мұсабаев құт­тық­тады».

Нұрсұлтан Назарбаев.

Зардап шеккен апаттан,
Зардап шеккен соғыстан.
Зардап шеккен аштықтан,
Зардап шеккен қастықтан.
Бұралқы иттей ұлыған,
Зардап шеккен ұрыдан.
Мына заман қандай-ды:
Адамды адам қорлайды.
Адамды адам ұрлайды.
Адамды адам алдайды.
Адамды адам тонайды.
Адамды адам арбайды.
Адамды адам сатады.
Адамды адам атады.
Адамды адам қанайды.
Адамды адам қамайды.
Адамнан робот ақылды,
Аңыз боп жүрген талайғы,
Ақырзаман осы ма?
Осындай қиын заманда,
Қарсы шауып қамалға.
Астана қонақ шақырды,
Жар салып күллi ғаламға.
Сарқа жұмсап ақылды,
Қазақты – қазақ шақырды.
Қанатқа жалғап қанатты,
Шақырды қазақ – қазақты.
Емес едi желiк құр,
Ел сағынған ерiктi ұл.
Аяулы Ата-жұртына,
Шақырғасын келiп тұр.
Алаш пен Алаш қауышты,
Дәм мен тұзын ауысты.
Қауышқаны бiр мерей,
Жақындатып алысты.
Орындалды бiр тiлек.
Өзi бар да бұлты жоқ,
Сарыарқаның жонына,
Жауып тұр қазақ дүркiреп…
Нөсерле қазақ, нөсерле,
Елiңнiң тартты көшi өрге.
Бауырларым келдi деп,
Есiл ақты елжiреп.
Ақорданың үстiнде,
Көк Ту тұрды желбiреп.
Астана – Нұр мешiт те,
Шақырды таңғы азанын.
Болардай күнә кешiксе,
Ұйқыдан тұрды қазағым.
Арқада боран борап тұр.
Ақтеңiздей толқынды.
Қойны-қоншын қонақтың,
Ақ ұлпаға толтырды.
Таза ауа, ақ сонар,
Махаббат қой бiлгенге.
Қойынға кiрген ақша қар,
Жылуымен жүректiң
Ерiп кеттi бiр демде…
Ақ сауыты шiрiмес,
Бiздiң батыр Алаштың.
Бiрi ерте, бiрi кеш,
Толастамас ұлы көш.
Торғай екеш торғай да,
Ұясын тауып қонбай ма.
Айналайын, Алашым,
Көш байсалды болғай-да!
Алла жолын бергесiн,
Көш тоқтаса елге сын.
Ұрпақтың тал бесiгiн,
Барша қазақ тербесiн.
Қазақ ұлты қанатты,
Қамалмас қара қосына.
Көш тонаған қарақшы,
Тозақтың күйер отына.
Қазақ келдi, көш келдi,
Жаңартып мынау ескi елдi.
Қарғыс атсын, ант атсын,
Керуен жолын кескендi.
Солай демей не дейсiң,
Көбейсе, қазақ көбейсiн!
Қазақ келдi дегенше,
Сұңқар құс келдi дегейсiң.
Солай демей не дейсiң,
Көбейсе, сұңқар көбейсiн!
Ақсұңқар ұшты шүйiлiп,
Арқаның желiн үйiрiп.
Күн нұрын шашып жондарға –
Ай толықсып толғанда.
Астана алтын тұғыры,
Қанаты талып қонғанда.
Жыраулар бекер толғай ма?
Беу, ақсұңқар, пәк сұңқар!
Тұғырың құтты болғай да.
Қуанып тұрмын мен қандай,
Қуанбасқа жол бар ма-ай?!
Астана жүрек болғанда,
Ата-жұрт Арқа кең маңдай.
Солай демей не дейсiң,
Тынысым бiр кеңейсiн.
Мейман келдi дегейсiң.
Береке келдi дегейсiң.
Алаш келдi дегейсiң.
Бiрлiк келдi дегейсiң.
Өшкенiм жанып, өлгендi,
Тiрiлiп келдi дегейсiң.
Қолымызды бек қысып,
Қарауыл қойып сыртына.
Мейман қазақ кеттi ұшып,
Қош айтып, Ата-жұртына.

Авторлық шегiнiс – 3
Жүректегi жан жырым –
Шым-шытырық тағдырым.
Бiрде сөзiм шырын-бал,
Бiрде сөзiм қан-жылым.
Көп қарадым қабаққа,
Аз қосылдым санатқа.
Бiр көзiмнен – сор ағар,
Бiр көзiмнен – қан ақса.
Тұла бойым сыз, қайғы,
Салқын жүрек қызбайды.
Бiр бүйiрiм – жылыса,
Бiр бүйiрiм – мұздайды.
Есiнемей ескiше,
Ойға батсам естiше.
Сол құлағым – тас керең,
Оң құлағым – естiсе.
Салды тағдыр әлекке,
Менен шаттық дәметпе.
Туған жерiм – Жайыр тау,
Жайыр алыс емес пе?
Жасырайын несiне,
Қақ бөлiнген несiбе.
Бөлiп берiп отырам,
Бiр жүректi екiге.
Ана жақта – Анам бар,
Мына жақта – балам бар.
Мен – анама алаңдап,
Анам – маған алаңдар.
Алаң, алаң, алаңмын,
Алаңдасам налармын.
Қиын екен жалғанда,
Алаңдаулы адамның.
Қараша түспей қар ұрған,
Заман мынау тарылған,
Мендей мұңлық бар ма екен?
Ғұмыры қақ жарылған.
Не ойлайды осы жұрт,
Iске асар ма қос үмiт.
Бүтiнделер ме екенбiз,
Бөлiнгендер қосылып.
Екi Немiс бiрiктi,
Бал мен судай кiрiктi.
Елi қандай бауырмал,
Ерi қандай бiлiктi.
Iргелi елдер жұтай ма?
Тоғайын бiреу бұтай ма?
Бiрiгер екi Корей де,
Бiрiгер екi Қытай да.
Қор болмайық босқын, қашқынға,
Жем болмай ит пен қасқырға.
Бiз қашан түгенделермiз,
Бiр шаңырақ астында?!

Эпилог
Көктем келсе, жаз маздап,
Қауышар жермен сарғалдақ.
Бесiк пен бөбек қауышса,
Ананың көңiлi мәз болмақ.
Қара жер Күндi айналар,
Жұлдызын нұрлы Ай бағар.
Қапысыз қауыштырайын,
Қауышпай жүрген қайда бар?
Ұстаның көзi от шашар,
Төске ұрылса балғасы.
Едiл мен Жайық қауышса,
Каспийдiң толар арнасы.
Сұлу әйел, ер кiсi,
Махаббатқа өң берер.
Ырыс тасыр iргеден,
Қауышқанда Ел мен Ел.
Ғарыш пен адам қауышса,
Жер құпиясы ашылмақ.
Жапырағымен қауышса,
Саялы болар жасыл бақ.
Ажырамас бейне дос құсап,
Қауышу ыстық қос құшақ.
Iле мен Балқаш қауышса,
Жетiсу желдей лепiрер.
Ертiс пен Зайсан қауышса,
Асқақтаған Алтайдың,
Киiгi күнге секiрер.
Шарпыса келiп от құйын,
Өмiрдiң мәнi көк тиын.
Ажырату – талақ.
Қауыштыру – сауап.
Оң қанаты – сағыныш.
Сол қанаты – жылы үмiт.
Атажұртқа талпынғыш.
Қауышу – алтын құс.
Ақсұңқар қазақ, қаз, қазақ,
Қанатты қат-қат жаз, қазақ!
Қазан мен ошақ қауышса,
Ошақтың оты маздамақ.
Ақсұңқарға, қыранға,
Қуат бергей бiр Алла!

P.S. 

Қуаныш,
Мұңы найзағайдай жарқылдап,
Әдемi ырғақ тауып бiр.
Аспаннан қазақ жауып тұр,
Жауып тұр қазақ, жауып тұр.
Күннiң нұры болмаса–
Ерiте алар мұзды кiм?
Аспаннан қазақ жаудырған,
Күллi әлемдi таң қылған.
Баянды болғай жас қайрат –
Тәуелсiздiгiм!

Дереккөз: “Қазақ әдебиеті” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. не десем екен! хас таланыт. жанпозым ау, шашаңа шаң жұқпағай!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар