Соңғы жылдары қандай салада болмасын, жалынды жастардың саны айтарлықтай артуда. Негізін Сейдахмет Бердіқұлов салып кеткен қазақ спорт журналистикасында да кейінгі толқын алдыңғы аға буынды өкшелеп келеді. Саны жағынан жетіп қалар-ау, ал сапасы жағынан олай деу әлі ертерек. Спорттан хабары бар әр көрерменге Рабат Жәнібековтың, Амангелді Сейітхановтың, Диас Омаровтың есімдері жақсы таныс. Олардың қай-қайсысы болса да қазақ спотшыларының жарқын жеңістерін жанкүйер есінде мәңгі қалдыратындай дауысқа ие. Соңғы кезде алдындағы ағаларына қарап бой түзеп келе жатқан бір топ жас комментаторлар бой көрсетіп келеді. «Қазақстан», «Еларна», «Хабар», «КТК» телеарналарындағы түрлі көрсетілімдерден Ермұхамед Мәулен, Рауан Оқас, Ержан Көшкімбаев, сияқты есімдерді жиі еститін болдық. Қанаттары енді-енді қатайып келе жатқан жас комментаторлар көрермен тарапынан да, ардагер ағалар жағынан да көп сыналды. Әлі де сыналып келеді. Жалпы алдыңғы ұрпақтың өзінен кейінгі ұрпаққа көңілі толмауы сонау тасқа таңбаланған жазулардан белгілі.Десек те талаптыға жауатын «нұрдың» бар екенін білетін тілшілер тынбай еңбек етуде. Әрбір матч сайын тәжірибесі толығып, дауысы түзеліп келе жатқанын журналисттің өзі ғана емес, көрермен де сезетіндей. Сондай қазақ спорт журналистикасының дамуына өз үлесін қосып жүрген жастардың бірі – «Аламан» сайтының бас редакторы, спорт комментаторы Рауан Оқасов. Жасы жиырмадан енді асса да, Рауан екі жүзден астам репортаж жүргізіп үлгеріпті. Спорт әлемінің басы-қасында жүрген жас журналистпен күнделікті өмірде кездесіп жүрсем де, ресми түрде әңгімелесудің сәті енді түсті. Сұрақтарға жауап қайтарғанда да Рауан өзінің сүйікті ісімен айналысумен болды, яғни Хуан Мартин Дель Потро мен Николай Давыденко арасындағы теннис кездесуін жүргізіп отырды.
– Рауан, спорт атты қиын да қызық мол салаға келуіңе кім себепкер болды?
– Менің әкем жүргізуші болатын. Түнде «Гол» журналын типографиядан алып, сыртқы бетін қаптайтын екінші жерге жеткізетін. Сол кезде көмектесіп жүретінмін. Баспадан енді ғана шыккан, ыстығы әлі басыла қоймаған газеттерді ашып алып оқитынмын. Ол 2002 жыл еді. Сол жылы Жапония мен Кореяда Әлем чемпионаты да өтті.Ол кезде менің жасым он төртте ғой. Қазір сол газеттің тілшілері менің әріптестерім. Мен соған қуанамын. Яғни спорт саласына келуіме басты себепкер – ол менің әкем.
– Қазақ спорт журналистикасының негізін салушы саналатын Сейдахмет Бердіқұловтың қандай шығармаларын оқыдың?
– Сейдағаңның шығармаларын спорт журналисі боламын деген әр азамат оқу керек деп есептеймин. «Тұйғын» деген кітабын оқымаған спорт жорналшысы жоқ шығар. Несіп ағамен жазған кітаптары да бар. Мәселен, «84-ші жылдың 16 күні» деген. «Жұмыр жерде теңбіл доп» кітабымен таныстым. 1966 жылғы чемпионат жайлы. Мен өз басым оның 1986 жылғы Мексикада өткен Әлем чемпионаты туралы жазған кітабын жастана окыдым.
– Амангелді аға Сейітхановтан алған бір сұхбатымда «Спортты оңай деп ойладым. Бірақ қатты қателесіппін» – деген еді. Сен үшін бұл саланың салмағы қандай?
– Әрине, оңай емес. Кез келген спорттың сан түрлі ережелері бар. Сандар мен статистиканың түбіне жетіп болмайсың. Мысалы, бір ғана хоккейде 800-ге жуық ереже бар екен. Яғни оңай спорт түрі жоқ. Онымен айналысу да, оны жүргізу де өте қиын. Спорт – сыйлауға тұрарлық сала. Спорт журналистикасы да оңай сала емес. Барлығы бірдей спорт журналисі бола бермейди. Ол үшін барлығын тереңнен бастау керек. Қызығушылық болу керек бастысы. Көп оқып, көп іздену керек.
– Өзің спорт комментаторы боламын деп шешкен соң осы салаға байланысты қандай оқулықтар, кітаптар оқыдың?
– Кітаптар жок десем, өтірік айтпағаным. Елімізде қазақша термин сөздік бар екен. Бірақ сапасы сын көтермейді. Шала шарпы жазылған. Бірдеңе білу үшін комментаторлардың қатысуымен телетрансляцияларды тамашалау керек. Содан өзіңе керекті түйіп алуың қажет.Қазір интернеттің көмегі көп. Кез келген спортшы немесе спорт жайлы ақпаратты ғаламтордан тауып алуға болады.
– Сойлеу мәнері мен дауысы ұнайтын, өзіндік репортаж жүргізу стилі көңіліңнен шығатын қазақ спорт комментаторы бар ма?
– Стилі жағынан Амангелді ағадан асатын комментатор жоқ деп кесіп айта аламын, Есей Жеңісұлының ізденістері мені таң қалдырады, Асхат Сағынайдың дауыс мәнері ұнайды, сондай-ақ Ержан Көшкімбаевтың матчты жургізу жылдамдығы көңілімнен шығады. Осы төртеуін әзірге мықтылар қатарына қосамын.
– Ал шетел комментаторларына назар аударып, керегіңді алып жүрсің бе?
– Ресей комментаторларының аяқ алысы өте жақсы. Бірақ оларды тыңдамаймын. Араб, испан комментаторларының « гооооол» деп ұзақ айғайлауы мені таң қалдырады. Дауыстары өте көркем. Менің де қолымнан ол келеді. Солар секілді бір күні матч барысында айғайлаймын деген жоспарым бар.
– Жалпы қазақ тілді комментаторларға не жетпейді? Қандай кемшіліктерді байқадың, неге ұмтылу керек?
– Басты кемшілік – біз өте ұяңбыз!Бірдеңе екі иықтан басып, қысып тұрады. Мысалға орыстар эфирді жандандырып жатады. Бізге сол жетіспейді! «Менмін» деп алға ұмтылу керек. Ешкімнен кем емеспіз ғой. Менің ойымша барлық кесір – орыс және қазақ тілдерін бірге қосуы. Қазір мені қуантатыны Ұлттық арнаның аяқ алысы. Эфирді екі қазақ бірігіп жүргізеді. Бұл еркін көсілуге тамаша мүмкіндік. Ал қос тілді көрсетілім болғанда көбіне журналистер бір-бірін жете түсінбей жатады. Екеуінің арасында ауызекі диалог болмайды. Бірінің айтқанын бірі қайталап жатады.
– Қазақта қай кезде де жас ұрпақ әкелердің, ағалардың көңілінен шыға қоймайтыны бұрыннан белгілі. Ал сен алдыңдағы ағаларыңның көңілінен шығу үшін қандай тәсілдерді қолданасың? Мысалы, әфирге қалай дайындаласың, дауысыңды қалай күтесің, ойыңды қалай жинақтайсың дегендей…
– Иә, ағалардың көңілінен шығу оңай емес. Бірак матч жүргізіп жүрген ағаларым мені жақсы түсінеді. Десек те олардың арасында да қадамдарын енді бастағандар бар. Мен өз міндетімді 50 пайызға толық атқарып жүрмін. Үйренерім өте көп. Бірақ бір байқағаным – матч жүргізген сайын шыңдала береді екенсің. Өзіңе деген сенімділік күрт артады. Бірінші ойыным мен казіргі матчтарым арасы жер мен көктей. Өскенімді өзім жиі байқаймын. Дауысымды арнайы коймаймын репортаж алдында. Табиғи берілген. Қойылып тұр (Күлді). Ал матч алдында дайындалмасаң, статистика, мәліметтер ақтармасаң өзіңе қиын болатыны анық. Сондықтан матч барысында ақпаратттарға бір көз жүгіртіп шығамын. Интернетті бір сүзіп шығамын. Негізі күнделікті жаңалықтарды оқып отырғаннан асқан ештеңе жоқ.
– Эфир барысында қай спорт түрі басқаларынан қиынырақ соқты?
– Осы уақытқа дейін хоккей, теннис, ережесіз жекпе-жек, футбол, тұғырдан секіру (шаңғы спорты) жарыстарын жүргізіппін. Азиада кезінде қиналдым. Өйткені бұл қысқы спорт түрлері таңсық болды! Бұдан бұрын біз фристайлдын акробатика түрін жүргізіп көрмеп едік. Мәнерлеп сырғанауды айтсаңшы, ережелері көп, маман болмасаң жүргізе алмайды екенсің. Бірақ амал жоқ, білгенімізше жүргізіп бақтық. Мен Азиада кезінде 10 спорт түрінен репортаж жургіздім. Тек спорттық бағдарлаудан ғана тысқары қалдым.
– Жолың түсіп Испанияда, Аргентинада, Францияда болып қайттың. Осы сапарлар спорт комментаторы ретінде өсуіңе қандай пайдасын тигізді?
– Шет елдерге шыққанның кемшілігі жоқ, пайдасы зор.Ондағы әріптестерімнің қалай жұмыс істейтіндеріне көз жеткіздім. Олар бірден сюжеттерін эфирге беріп, суреттерін сайттарына салып отырады. Ал бізде қалай? Ащы болса да шындық – журналистеріміз жарысқа барып алып асықпайды. Сол күні кешкісін немесе келесі күні жазып жатады. Ал газеттерімізде кешігіп басылады.Осы біздің кемшілігіміз.Бұл сапарлар спорт журналисі ретінде маған қатты әсер етті. Атақты спортшылардың арасында жүргенде өзіңнің шынымен осы салаға қатысы бар екеніңді жан-тәніңмен сезінеді екенсің…
P.S. Осылай Рауанмен күнделікті тұрмыстан бөлек, кәсіби журналист ретінде тілдесудің реті келді. Мен маңызды деген сұрақтарды қойюға тырыстым, ал комментатор мырза барынша жауап беріп бақты.Бұндағы мақсатымыз – өзіміз таңдаған Қазақ спорт журналистикасының дамуына өзіміздің үлесімізді қосу болатын…
Әңгімелескен Несіпбаев Нұршапағат, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Парақшамызға жазылыңыз
Қазақ спорт журналистикасын әлемге әйгілі етеді деген үміттемін
Сұхбатқа рахмет Нұршапағат! Өте жақсы шығыпты :))
Қазақ спорт журналистикасын әлемге әйгілі етеді деген үміттемін
Аға сұхбатыныз жақсы шығыпты, спорт журналистикасы кенже дамып келе жатқандықтан, осындай сұхбаттар көп болсын дегім келеді.