Мінбер журналистерді қолдау орталығы

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Қазақша Интернеттегі контентті байытудамыз

27.06.2011
24-25 маусымда “Мінбер” журналистерді қолдау қоры Астанада еліміздің әр жерінен келген жас журналистерге жаңа медиа технологиялар туралы тренингтер өткізген болатын. Осы тренинг аясында аталмыш қор басшысы, танымал журналист Есенгүл Кәпқызынан сұхбат алған едік.

Дереккөз: qazaq.kz

Журналистер құқық тақырыбын қалай жазып жүр?

Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі:
– Біздің қазақ журналистері заң кеңестеріне жиі жүгіне бермейді. Тек басына күн туған заманда ғана сондай құқық қорғау ұйымдарын іздеп жатады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жалпы, құқық, заң тақырыбындағы мақалалар көптеген басылымдарда жиі шықпайды. Ол көбіне «Заң газетінде» басылады. Үшіншіден, жур­налистердің медиақұқық жөніндегі сауаттылығы да аз. Жалпы, мақала жазуда нені ескеру керек, неден сақ болу қажет деген секілді мәселелерді біле бермейді. Осы мақсат аясында құқықтық білім беру ісін де біз ескеріп отырмыз. Жалпы, “Мінбер” журналистерді қолдау орталығы құқық қорғау ұйымы емес, журналистерге кәсіби білім беру тұрғысынан көмектесуді басты мақсат етіп отыр­ған орталық. Мәселен, мамыр айының 27-28 күндері Алматыда КИМЭП оқу орнының ғимаратында өтеді деп жоспарланып отырған «Қазақтілді ақпарат құралдары тәжірибесіне жаңа медиа технологияларын енгізу» атты екі күндік семинар-тренингтің бір блогы осы құқық мәселесіне арналмақ. Оған осы саланың майталман мамандары – Ғалия Әженова мен Жанерке Жанәбілова тартылып отыр.

Асхат Еркімбай: «Қазақ баспасөзінің болашағы – жаңа медиа»

Күн сайын бір жаңалығын тосатын қазіргідей асығыс қоғамда ақпарат таңдаудың каталогынан кенде емеспіз. Оқырман қандай газет-журнал оқимын, қандай сайтқа кіремін, қай блогты оқимын десе де өзі біледі. Осы ақпараттық тасқында Қазақ журналистикасы жаңа заманның технологияларын қаншалықты меңгере алып жүр? Интернет атты алып әлемде қазақ тілінің жай-күйі қай деңгейде тұр және сол деңгейді көтере түсу үшін елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Соңғы жылдары сәнге айналған блогшылар, блог деген ұғым не? Ол дәстүрлі журналистиканың жауы ма жоқ бәсекелесі ме? Дәстүрлі медиа мен жаңа медианың айырмашылығы неде? Оны ресми БАҚ өкілдері қалай қабылдауда?

Сауалымызға жауап алу үшін біз қазақ блогшысы, Орта Азия елдеріне арналған “Neweurasia.net” блогындағы қазақ тіліндегі хабарлардың үйлестіруші-редакторы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының ;аңа медианы зерттеу тобының жетекшісі Асхат ЕРКІМБАЙ мырзамен әңгімелескен едік.

– Жалпы, менің түсінігімше «блог» деген ұғымды Қазақстанға ең бірінші алып келген сіз. Өзіңіз негізін қалаған блогтың қазіргі жай-күйі қалай? Ол қаншалықты өсті және қазақ блогшылары қаншалықты танымалдылыққа ие?

– Бірінші рет мен күз айында Біріккен Ұлттар Ұйымының жас журналистерге арналған шәкіртақысын жеңіп алып, Нью-Йоркта екі айлық тәжірибеден өттім. Оған дейін қазақша сайт ашқым келіп жүрген. Бірақ, ол кезде қаріп мәселесі қиын болатын. Қазақша әріптер көрінбейтін, әрі сайт жасауға қаржы керек еді. Солай ойлап жүрген кезімде Нью-Йорктағы Колумбия университетінің профессоры үш минуттың ішінде «blogspot»-тан блог құрып берді. Мен таң қалып профессорға «Қазақша жазуға бола ма?» деп едім, «Иә, болады» деді. Қарасақ, блогты қазақша құруға болады екен. Дәл сол күні мен кешкісін алғаш рет Нью-Йоркта бірінші блогымды «blogspot»-та құрдым. Сөйтіп блогты түсіне бастадым әрі оның тегін екені де мені қатты қуантты. Және қазақша әріптері де бар. Сол кезде мен дәстүрлі журналистикадан мүмкіндік жоқ болса, біздің жолымыз, біз сияқты жастардың мүмкіндігі мен болашағы жаңа медиада екенін ұғындым. Зерттей бастасам, бұған дейін қазақ тілінде блогтар құрылған екен. Моңғолия, Кореядағы қандастарымыздың аспаздық тақырыбындағы блогы маған дейін құрылыпты. Бірақ біз журналист болғаннан кейін, елдің ортасында жүргендіктен мен бірінші көрініп қалдым. Осылайша, блогты насихаттаудың жұмысына белсене кірістім. Неге блогтан бастадым? Себебі, блог арқылы журналистерді жаңа медиаға жақындату керек болды. Қазақ журналистеріне блогты көбірек айтып түсіндіре бастадым. Өйткені, 2006 жылы қазақ тілді және орыс тілді журналистер деген мәселе бар болатын. Бөліну сол кезде басталды. Қазақ тілді журналистер нашар, жазбайды, одан қалса қазақ журналистері екінші сортты деген ұғым көп айтылатын. Бұл менің намысыма қатты тиді. Содан жарып шығатын жол іздеу керек болды да, оны «Міне таптым, ағылшынша білемін, мынаны істеуге болады екен. Ендеше, осыған кірісейін» деп бел шештім. Соның нәтижесінде, белгілі бір деңгейде орыс тіліне қарағанда қазақ тілінде жаңа медиа көп насихатталды. Бірақ қазақ тілді ортаны орыс тілді орта көп біле бермеді. Содан біз не істедік? Өзіміздің ортада бейресми жиналыстар өткізіп жүрдік. Ақыр соңында осындай «Мінбер» атты қордың ашылуына алып келді. Сөйтіп заң аясында жаңа медианы насихаттау үшін ағартушылық жұмысымен айналыстым. Себебі, журналист жаңа медианы дұрыс түсінсе, онда бұқара дұрыс түсінеді. Егер журналистер дұрыс түсінбесе онда бұқара да дұрыс түсінбейді. Сондықтан да біз осы шаруаны қолға алған дұрыс деп шештік.

– Түсінікті. Ал, дәстүрлі медиа жаңа медианы қалай қабылдады?

– Дәстүрлі медиа жаңа медианы осы соңғы бір-екі жылдың көлемінде ғана мойындай бастады. Бұған дейін, олар да білген жоқ, бөлек ұғым деп түсініп келді.

– Мойындай бастағаны қайдан көрінді?

– Қайдан көрінді десеңіз, дәстүрлі журналистиканың өкілдері бірте-бірте блог аша бастады сайтына. Бұрын сайттары жай газеттердің көшірмесі ғана болып келсе, қазір газеттің сайтына әлеуметтік желіні қоса бастады. Сайтқа арнайы бөлек маман қоятын болды немесе бөлек «Абай.кз», «Маса.кз» сияқты сайттар ашылды. Дәстүрлі журналистиканың өкілдері жаңа медианы түсініп, олар да келе бастады. Себебі, мұнда потенциал мен мүмкіндік өте көп. Және ең үлкен артықшылық – орыстілді журналистер бұл жерде ешқандай кедергісін келтіре алмайды. Себебі, қазақша жазылған нәрсеге олар араласа алмайды. Сондықтан, бізге, қазақ журналистерінің арасындағы өзара бәсеке жаңа медиада қызу болды. Дегенмен, көбісі әлі де жаңа медианы дәстүрлі медиаға бәсеке деп ойлайды. Асылында олай емес, бар болғаны жаңа медиа дәстүрлі медианы жаңа белеске көтерген бір құрал. Яғни, бұрын газетіміз газет күйінде қалған болса, қазір газет жаңа медиа форматына көшкеннен кейін инициативтілігі арта түсті. Оған қоса, таралымы мен аудиториясы кеңейіп, жаңа нарық қалыптаса бастады. Мультимедиялық контент пайда болды. Яғни бұрынғы газет интернетке шыққаннан кейін жаңа медиадағы болмыстың ауқымын кеңейтті. Бірақ ақпарат берудің мазмұны өзгерген жоқ. Бұрын газетте көтеріліп жатқан тақырып, сол жерде де көтеріліп жатыр. Көпшілігі түсінбей, «Бұл бізге бәсеке. Бітті, енді газет оқылмай қалады, жабалып қалады екен» деген ойға келді. Біз Америка емеспіз ғой. АҚШ-тағыдай бізде керемет коммерцияланған медиа нарық қалыптаспаған әлі. Біздегі қазақ журналистикасы тәуелді. Ол коммерциялық басылымдар емес. Олар мемлекеттен қаржылық қолдау алып отыр. Сондықтан өмір сүре береді. Ал, жаңа медиа керісінше, ол – нарық. Мұнда оқырманның үнемі бақылап отыруға және өз пікірін жазуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жаңа медиада бір жақсысы, технология шыққан сайын сен соның ыңғайына бейімделуге мәжбүрсің. Телефон шықты ма, сен сайтыңды телефонға бейімдеуің керексің. Адамдар, яғни, оқырман телефонсыз жүрмейді. Демек, осы мәжбүрлікке журналистерді алып келу арқылы «мына жақта да жол бар» деп олардың кәсібилілігін көтеру.

– Ресми басылымдарда ежелден қалыптасқан шаблондармен жазатын кәнігі көпжылдық стажы бар журналистер еңбек етеді. Олардың кейбірі жас журналистердің ақпаратты көбіне Интернеттен ала салатынын, ізденбейтінін ұната бермейді. Сонымен қатар, оларда оқырманның ықыласы блогшыларға ауып кете ме деген қауіп бар сияқты. Тіпті, блогшылар қажет емес дегендей де сын айтылып жүр.

– Адам неден қорқады? Адам білмейтін нәрсесінен қорқады. Мысалы, қараңғы бөлмеде қалып қойған адам есік барын білмейді, өйткені ол қорқады. Ал егер жарықтың барын білсе ол қорықпайды, бөлмеден шығады. Бізде де сол сияқты жаңа медианы қоғамда білмегендіктен қорқады. Яғни, жаңа медиа туралы ІТ сауатсыздық жөнінен Қазақстанда өте төмен деңгейде. Зерттеулер бойынша, Қазақстан оқу-жазу жөнінен дүниежүзіндегі ең сауатты он елдің қатарына кіргенімен, ІТ сауаттылық бойынша біз Африка елдерінің деңгейінде тұрмыз. Осы сауатсыздықтың салдарынан адамдар қорқады. Блогты бір қорқынышты нәрсе деп ойлайды. Блог – қасық немесе шанышқы сияқты құрал. Адам оны қалай қолданады, бұл соған байланысты. Сауаттандыру жұмыстары көп жүргізілген сайын адамдар «е, бұл блогты мектепте мұғалім де, коммерциялық мақсатта да пайдалануға болады екен ғой» деп ненің не екенін түсіне бастайды. Мәселен, қазір мұғалімдер геогебра жобасын пайдаланып жатыр. Блог тек қана журналистикамен байланысты емес. Әр адам құралды өзінше пайдаланады. Қауіп білместіктен туындайды деп ойлаймын. Осыны барынша түсіндіруге тырысамын. Қазақстанда Интернетті қолданушылар көбейген сайын, ІТ сауаттылық артқан сайын адамдар өз ықыласына сәйкес қолдана беретін болады.

– Қазір біраз журналистердің блогы бар, ашып жатқандары да көп. Маған «блогтан кейін неге сайт ашпасқа» деген идея келді. Сонда әркім өз бетінше жұмыс жасап кетпей ме? Қазір зерттеп қарасам, көптеген сайттар бар екен. Олардың саны көбейсе, оны оқып отыруға оқырманның уақыты бола бере ме екен?

– Өте орынды сұрақ. Бұл да жаңағы ІТ сауатсыздыққа келіп тіреледі. Негізінен Интернетпен жұмыс істей алудың өзінің бір әдебі бар. RSS-те жұмысың жеңілдейді, мәселен саған әрбір сайттың адресін ашып кіру керек емес, «жмэйл» поштаңа тіркеп қоюыңа болады. Онда жеке поштаңа басылымдар мен сайттардың жаңадан мақаласы келіп түсіп тұрады. Сен поштаңды ашу арқылы ғана жаңалықтарды оқып, көре аласың. Осындай сауаттылық артқан сайын адамдар өзіне керекті сайтты ғана оқитын болады, өзіне керекті нәрсені ғана іздейді. Сан сапаға ұласады. Ал ол контенттің сапасын арттыра түседі. Қазір, иә сан көп, сол сан бірте-бірте сапаға алып келеді. Нәтижесінде қоғамда сапалы ақпарат пайда болады. Өзара бәсеке күшейеді. Мысалы, екі адам экономиканы жазатын болса, біреуі үш күнде бір жаңаласа, біреуі екі күнде жаңалайды. Мен екі күнде бір жаңалайтынын жиі оқитын боламын да, аптасына бір рет жаңалайтынды мүлде оқымайтын боламын. Сөйтіп, сан сапаға ұласып, Интернетте виртуалды бәсеке орнайды. Бұл жақсы үдеріс. Сондықтан, біз қазір блог деп айтып жүргеніміз де сол. Блог көбейсін, сан көбейсін, сан сапаға алып келеді. Сайт ашсаң да сондай болады. Және бізде бір заң бар, Интернетті бақылау емес, Интернетті реттеу туралы заң. Бұл заң болу керек. Ондай заң барлық елде бар. Интернетте де қаптаған блог пен сайттарды реттестіріп қойған. Реттеуде бәріне еркіндік берілген, бірақ ескерту болады. Ал бақылауда еркіндік болмайды, еркін қимылдай алмайсың. Үнемі кез келген уақытта сені басып тастауы мүмкін. Сондықтан, Интернетте бақылау емес, реттеу болу керек. Реттемесе хаос болып кетеді.

– Ендеше, бізде қазір Интернетте реттеу басым ба әлде бақылау басым ба?

– Бізде қазір реттеу бар, біз соны сауатсыз болғандықтан көпшілігі сол реттеуді бақылау деп түсінеді. Біздің солай түсінгенімізді пайдаланып жауып тастайды. Оған адамдар шуламайды да. Мәселен, «Уордпрессті» алайық. Ол ашық болу керек, бірақ қазір жабық тұр. Және оны қалай жапқан, біреуінде ашатын, біреуінде ашылмайтын қылып жапқан. Көрдіңіз бе, біздің сауатсыздығымызды пайдалана отырып, жабудың да тәсілін тапқан. Қоғамдағы ІТ сауатсыздықпен күресу жолындабұл нәрсенің барлығы кездеседі. Бірақ, Интернетте сөзсіз реттеу болу керек. Өйткені, шынымен блогосфера мен Интернет қауіпті нәрсе. Ол – құрал. Адамдар оны дұрыс мақсатта қолданатын болады. Егер айтылмаса онда ол шынымен қауіпті. Және ол қауіп «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бәріне зияны тиіп кетеді. Сондықтан бұл нәрсе реттелгені дұрыс. Ағартушылық жұмыстары көп жүрген сайын мұндай проблема азаяды. Ең үлкен мәселе сол – ІТ сауатсыздық. Адамдар «мэйл.руды» білсем, Интернетті білем деп ойлайды немесе уордта жұмыс істеп отырса, компьютерді білем деп ойлайды.

ІТ сауаттылық деген не? ІТ Сауаттылық дегеніміз – компьютердің ішіндегі бағдарламаны өзіңнің жұмысыңа бейімдей білу. Қарапайым «жмэйл» поштаны өзіңнің жұмысыңа бейімдеп жез қоңырауды жасап қою. Яғни интернеттегі бағдарламаның жетегінде кетпе сен, қайта сен оны өз жетегіңе ал. Сауаттылық деген осы.

– Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа өзара түсінісіп, бірігіп жұмыс жасауы үшін қандай ұсыныс жасаған болар едіңіз?

– Біріншіден, дәстүрлі медиа жаңа медианы жау көрмеуі қаже. Ол үшін дәстүрлі медианың аға өкілдері жаңа медианың не екенін түсініп, білсе, оған үрке қарамайтын болар еді. Керісінше, бұның құрал екенін түсініп екі есе жұмысты өндіреді. Онсыз да енді-енді бүр жарып келе жатқан блогшыларға үрке қарау, оларды жау көру «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген позицияны сақтайды. Не білуге ұмтылмайды, бас салып қаралай жөнеледі. Егер кішкене үңілер болса, Интернетте қазақша контентті дамытып отырған сол блогтар. Қазір қазақ тіліне «Уикипедия» арқылы да үлес қосылуда.

Жалпы, блогқа да тіреліп тұрған мәселе жоқ. Бұл жердегі мәселе – мультимдида. Дәстүрлі медиа өкілдері яғни, оның оқырманы бүгінде газет оқымайды. Оның оқырманы -Интернетте. Оның бүгінгі оқырманының телефоны бар және телефон арқылы неше түрлі сайттарға кіреді. Кез келген дәстүрлі медиа өкілі ақпаратты шынымен оқырманға жеткізудің жолы осы болса, онда м осы тәсілмен беруді ұйғарса, онда мультимедиялық өнімнің жемісін көреді.

– Қорқатын ештеңе жоқ дейсіз ғой…

– Айталық, біздің блогты жауып тастады делік. Одан не өзгереді? Онда орыс тілді блогосфераның ығына жығылып, орыс мемлекетіне тәуелді боласың. Одан ұтпайсың, керісінше ұтыласың. Айналып келгенде, біз сол ақпараттық бодандыққа қайтадан түсеміз. Өз басым, 2006 жылдан бері «Мой мирмен» емес, «жмэйлмен» жұмыс істеп келемін. Біз семинар барысында сіздерге білетін нәрсеміздің бес пайызын ғана айттық. Себебі, қазір аудитория оған дайын емес. Бәрін айта алмаймыз. Американың соңғы жаңадан шыққан жобаларының бәрін көріп-біліп жүргеннен кейін, Қазақстанның контенті оған дайын деп айта алмаймын. Блогтың өзіне үркіп жүрген адамға біз үлкен маркетингтің мәселесін қозғамаймыз. Онда шошиды. Дәстүрлі медиа негізгі жұмысың болғандықтан айлық аласың, ол басқа нәрсе. Ал жаңа медиа – жеке жұмысың, жеке қызығушылығың. Өйткені, ұнататын ісіміз.

– Жарайды ІТ сауаттылық пен мультимедианы, жаңа технологияның бәрін меңгерген қоғам болдық дейік. Мәселен, мен сайттарды шарлап, одан қалса блогшы қауымның жазбаларын оқимын деп бір күнімді кетірдім. Ал, сіз, осының бәріне қалай уақыт тауып жүрсіз?

– Жаңа медиа құрал ғой. Құралдың кілтін дұрыс білсең оңай. Мысалы, үнемі жанымда телефоным жүреді. Телефон арқылы автобуста кетіп бара жатып, жазба жазамын, поштамды бірден тексере қоямын. Және бірден қай сайтқа кіруге болады, қайсысы болмайды, бірден біле қоямын. Құралды дұрыс пайдалана білсең ол саған көмектеседі, сен одан шаршамайсың. Сосын мен тұрақты жұмыс істемеймін. Түрлі жобалармен айналысатындықтан, уақытымды өз-өзімді дамытуға жұмсаймын. Маған сол тиімді. Өз-өзімді дамытсам, оны өзгелермен бөлісуге болады. Азаматтық белсенділік әрқашанда бірнәрсені құрбандық қылады. Қоғамда алғашқыда белсенді адамдарды түсіну қиын болады. Сондықтан не нәрсе болсын, жаңадан бастап көрсету қиын. Мәселен, Аршат Оразовты да алғаш сайт жасаған көптеген адамдар түсінбестікпен қабылдады. «Мықтымын» деп отырған қазақ журналистерінің біз туралы әрнәрсе айтқанша, сол күш-жігерін аз да болса жаңа бір контент жасауға, Мұқағалидың немесе Абайдың бір өлеңіне арнаса ғой дейсің. Сонда оқырманға қанша пайдасын келтірер еді. Тым болмаса жұмысымызға кедергісін келтірмей, кесірін тигізбей отырса екен деген де тілек бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая Сыдықбай

«Абай-ақпарат»

27.05.2011

Қазақ журналистері жаңа медиа технологияларды игеруде

АЛМАТЫ. 27 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Бүгін Алматыда «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ журналистикасында жаңа медиа технологияларын тәжірибеге ендіру» атты семинар-тренинг өтіп жатыр.

Тренингке Қазақстанның әр облысынан 25-ке жуық журналистер мен жаңа медиаға қызығушылық білдіргендер қатысуда. Оларға белгілі журналист, блогшылар, «Мінбер» ЖҚО-ның өкілдері Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай, Бақытгүл Салықова, Әлия Сембай, «WikiBilim» қоғамдық бірлестігінің өкілі Рауан Кенжеханұлы, kerekinfo.kz жобасының авторы Аршат Оразов, АҚШ-тың Огая университеті Медиа, өнер және оны зерттеу факультетінің профессоры, ғылым докторы Дэвид Моулд интернет саласы мен интернет журналистика бойынша дәрістер өткізеді.

Атап айтқанда, Интернеттегі құқықтық және лингвистикалық қауіпсіздік, Қазақстанда интернет саласының құқықтық реттелуі, Интернеттегі сараптамалық мақала жазу үлгілері, Қазақша Wikipedia: мүмкіндіктері мен ерекшеліктері, Блог ашу, жазба орнату, сурет қою, үнхабарға кіріспе, Журналистік этика, интернетпен, әлеуметтік желілермен жұмыс тақырыптары үйретіледі. Екі күнге созылатын тренинг-семинар ЕҚЫҰ, Сорос қоры мен ҚМЭБИ-дің қолдауымен өткізілуде.

18 10 2010
Алматыда ҚазНеттің құқықтық реттелу мәселелері талқыланды
 
АЛМАТЫ. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Бүгін Алматыда «ҚазНеттің құқықтық реттелуі және оның қазақтілді интернет БАҚ-тың дамуына ықпалы» атты семинар өтті.

Шараны «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы Соғыс және бейбітшілік туралы ақпарат тарату жөніндегі институтымен (IWPR) және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігімен біріге отырып өткізді. Семинар барысында «Қазақ газеттерін холдингтендіру: пайдасы мен зияны», «Қазіргі заңнамадағы ерекшеліктер», «ҚазНеттің мединарықтағы орны: негізгі мәселелер», «Медианарықтағы құқықтық сауатсыздықтың салдары» мәселелері талқыланды.

Бұл тақырыптар бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының президенті Есенгүл Кәпқызы, Абай. кз сайтының редакторы Дәурен Қуат, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының атқарушы директоры Асхат Еркімбай, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау орталығының сот сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова қатысып, баяндама жасады. Интернетті реттеуге қатысты қазіргі заңнамалық актілерге шолу жасалып, журналистердің құқықтық сауаттылығын арттыру жолдары бойынша кеңестер айтылды.  Сонымен қатар өзге елдерде қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде жаңа медианы құрал ретінде пайдалану жолдары түсіндіріледі.

«Интернеттен қазақ тілінде мәлімет іздеу күн өткен сайын артып келе жатқандықтан, интернеттің құқықтық аспектісін дұрыс түсіну өзектілігі артуда. Осы орайда интернетке қазақ тілінде жазбалар, видео мен суреттер т.б. қазақтілді мазмұнға толы мәліметтер енгізетін интернет қолданушыларға заң нормасының жете түсіндірілмеуі әрі қарай интернет жобаларын дамытуға кедергі келтіруде. Осындай семинарға үкімет өкілдерімен қатар, интернетте қазақ тілінде жобаларды жасап жүрген еріктілерді шақыру арқылы біз Қазақ Интернетінің сауатты дамуына үлес қоса аламыз», – дейді «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының төрайымы Е.Кәпқызы.

05 10 2010
 

«Азаматтық журналистиканы дамыту керек»

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер.kz» ұлттық интернет газетінің Бас редакторы:

«Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі мен сөз бостандығы демократияның басты нышандарының бірі» деп есептейтін елдер ақпаратты – «демократияның негізгі валютасы» санайды. Америкалық заңгер Ральф Нейдер айтқан, бұл қағидаға батыс елдері еш уақытта күмән келтірген де емес. Ал, бізде бәрі керісінше, мәселен, жақында ғана мемлекеттік биліктегі шенеуніктер тарапынан «БАҚ туралы» заңның журналист этикасы» деген тарауына толықтырулар мен өзгертулер енгізу керек. Журналистер қазір шенеуніктің жұмысын көрсетуден гөрі, оның қызметтегі өзін-өзі ұстауы, жеке басына қатысты мәліметтерге көп басымдық беріп кетті. Мұны тоқтату керек» деген қатал ұсыныс айтылды. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген алаш зиялыларының қағидасын ұстануды арман ететін қазіргі БАҚ өкілдері бұл мәселеде, бірақ, үнсіз қала алмады. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бастаған журналистер: «БАҚ өкілдері ақпаратты халыққа жеткізуші ғана. Мемлекеттік шенеунік бұндай ұсыныстар тастау арқылы өзінің қимыл-әрекетін халықтан жасырғысы келеді. Журналист жазатыны, айтатыны бар болғаннан кейін жазады, шенеуніктің қызметте өзін-өзі қалай ұс­тай­тынын да ел білгісі келеді», – деді. Қазір кез келген нәрсе – aқпарат, ол әрі – мәлімет, әрі – тауар және өзі құдіретті қару да. Сондықтан, болар бәлкім, кез кел­ген шенеуніктің БАҚ туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларды енгізгісі келіп тұратыны. Бәлкім, сон­дықтан да болар, атақты Наполеонның «төрт жүз мылтықтан емес, төрт газеттен қорқамынының» кебін киетін шенеуніктердің де сауысқандай сақтық танытып отырғандығы.
Біз әңгімеге тартқан «Мінбер.kz» ұлттық интернет газетінің редакторы Есенгүл Кәпқызының да бұл мәселедегі айтар уәжі жетерлік екен.

– Есенгүл, біздің қазіргі қолда­ныстағы «БАҚ туралы» заңға өзге­рістер мен толықтырулар керек пе?
– Мен біраз еңбектерді қарап шық­тым. Журналистің этикасына байланысты әлемдік журналистиканың өзіндік төрт түрлі басшылыққа алатын мәселелері бар екен. Онда адамның жеке басына тиіспеу, шындықты айту, біреуді қорқытып, үркітпеу, өзінің құқығын асыра пайдаланбау деген мәселелер. Бұл енді кез келген журналистің қаперінде жүретін мәселе деп ойлаймын. Бұл ұстаным біз­дің заңда да бар. Оның сыртында бізде журналистердің жұмысын реттейтін көптеген заңдар бар, «БАҚ туралы» за­ңы­мыз бар, ҚР Конституциясы бар, ең бірінші кезекте тұратын. Тағы сол сияқ­ты «Тілдер туралы» заң бар, оның сыртында Қылмыстық кодексіміз бар, Азаматтық кодексіміз тағы бар. Осы кодекстердің кей­бірінде журналистерге қатысты нақ­ты әңгімелер айтылады. Мысалы, Қыл­мыстық кодексте жалған жала жабу, егер ол жала сотпен немесе басқа орындармен дәлелденетін болса, онда ол журналистке қылмыстық немесе азаматтық кодекс бойынша жаза тағайындалады. Демек, журналистердің іс-шараларын бақылап, реттейтін тыйымдар көп. Оған қосымша, енді журналистің этикасы жайлы тағы бір Кодекс шықса, білмеймін, онда журналистер қалай жұмыс жасайтынын. Журналистер қазіргі аздаған еркіндігінен айырылса, онда оны журналист деп атаудың да керегі жоқ шығар.
– Сіз болашақ журналистерге осы этика мәселесінен дәріс оқиды екенсіз. Ендеше, айтыңызшы, бұл мәселеде журналист қалай болу ке­рек?
– Жалпы, журналистік этика дегеніміз не? Ол Қазақстан Республикасының заң­дарын сақтау, шектен аспау, халықаралық нормаларды білу, бағалау. Тұлғаның же­ке басының құпиясына тиіспеу. Бі­реу­ді қорламау. Бізде оның сыртында Президенттің жеке басына тиіспеу, оны жария қорламау, депутаттың ар-намысына нұқсан келтірмеу, үкімет адамының ар-намысына тиіспеу. Айта берсек, мұн­дай тізім кете береді. Осы тізімнің арқа­сында біздегі журналистердің еркін аттауына мүмкіндік болмай қалды. Кейде өзім күлемін: «Бұрын заңды білмеген кезде, заңдық актілерді көп қарамаған кезде еркін жазушы едім. Қазір жағдайым қиын болып қалды. Әрбір жазған нәр­се­ме шұқшиып қарап: «мынау ана ко­декс­ке сай келмей қалса қайтемін?» – де­ген қор­қыныштар туындап отырады. Аяғың кәдімгідей тұсалып қалады. Біз­де бір қызығы, анау болмайды, мынау болмайды деген тыйымдар бар да, ҚР заң, заңна­малық актілерінде «мынадай жағдайда мына адамның ар-намысы қорланады» деген бап жоқ. Соған байланысты ар-намысын әркім өзі бағалайды. Оның сыр­тындағы моральдық шығынды да әркім өзі қояды.
Бір кездерде «Жас алаш» газетінде қатты шу болды. Газетке шыққан ше­неу­ніктер әр журналисті бір сотқа сүй­реп қиын болған. Бұндай қара бұлт әлі де көптеген жур­налистер­дің басын­да бар. Осындай жағдайда отырып, ен­ді жур­налистік этикаға байланыс­ты заң қабыл­дайтын болса, қазақ жур­на­лис­тері­нің күні қараң болады.
– Енді не істеу керек?
– Не істеу керек дегенде бізге, ең алдымен, тәуелсіз газеттер керек, қоғамдық арна керек. Қоғамдық арна мәселесі та­лайдан бері айтылып келеді. Бізге қо­ғамдық басылымдар керек. Солардың өмірге келуіне, ең болмаса, алғышарттар жасасақ деп армандаймын. Қоғамдық баспасөздің құрылтайшысы – халық. Ол халықтың салығынан жиналған ақша­ға жарық көреді. Оның акционерлері болады, олар жаңағы жиналған ақшаның қайда кеткенін қадағалап отыра­ды. Ол жердегі басылым ешкімнің сойылын соқ­пайды, халыққа керек деген ақ­па­рат­ты ғана беріп отырады. Ол басы­лым­ның төрінен оппозиция да орын ала алады, билік өкілі де, басқа бейтарап адамдар да сөз алады. Ол жердегі журналистің міндеті төрелік айту емес, керек ақпаратты халыққа беру. Жан-жақты ақпаратты жұрт алдына жайып салу. Оқырман содан өзіне керегін іріктеп алады. Қоғамдық телеарнаны дамыту керек. Сонда ғана біздің ақпаратымызда батылдық пайда болады.
– «БАҚ туралы» қолданыстағы заң­ның 18-бабында мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлға ақ­па­рат беруден негізсіз бас тартқан жағ­дайда журналистің бірден сотқа жүгі­нуі қарастырылған. Алайда, біздің журналистер осы құқығын пайдалана бермейді. Бұндай немқұрайлық неден деп ойлайсыз?
– 90 жылдармен салыстырған кезде журналистика бірталай алға ілгерледі, дамыды. Формалық тұрғыдан. Бізде мем­лекеттік құпия деп саналатын ақпа­рат­тар бар. Олар берілмейді. Басқа ақпа­рат­тарды құзырлы органдар сұрау салынған он күннің ішінде беру керек. Егер он күннің ішінде еш жауап ала алмаса, журналист сотқа шағымдана алады. Біз осы құқығымызды дұрыс пайдалана алмай келеміз. Осылайша, өзіміздің заңымызды өзгелерге жығып береміз. Журналистке керек емес заңды басқалар не қылсын? Сұрақ жібереміз, жауап болмаса, «ой, қойшы, жауап болмады» дейміз. Тіпті, не үшін болмағанын телефонмен хабарласып, талап ете де алмаймыз. Міне, біз, ең алдымен, өзіміздің пәрменділігімізді жүр­гізгіміз келсе, өз құқығымызды өзіміз біліп, өзіміз іске асыруымыз керек. Менің ойымша, журналистиканы төртінші билік деген де дұрыс емес.
– Сіз шетелдік мамандардың да журналистикаға қатысты дәріс­те­рі­не көп қатысасыз. Ол дәрістерден не үйрендіңіз, нені көңілге тоқы­ды­ңыз?
– Әлемдік тәжірибеде бүкіл журна­лис­тер биліктен жоғары тұрады. Америка­дағы, Германиядағы журналис­тер­дің жұ­мыс істеу тәсілі, әдісі мүлдем бөлек. Олар біз сияқты бір ақпаратты бүкіл БАҚ-та бірдей сипатта беріп шықпайды. Көп ақпаратты интернеттен ала саламыз. Оқиғаның арасында жүру жоқ. Сол мәселені бізге көбірек ойлау керек. Пресс-конференцияларды көп жаға­лай­мыз. Американдық дәріс оқыған бір проф­ес­сордың: «Журналистке пресс-­кон­фе­ренцияға барудың керегі жоқ. Пресс-кон­ферен­ция – біреудің ішкі есе­бі. Сендер ақ­парат­ты одан да халық­тың арасынан іздеңдер. Кез келген адам ақпаратты асүйде ғана айтады. Жур­налистің міндеті сол ақпаратты ана асүйден алып шығу», – дегені бар-ды. Гер­маниялық мамандардан дәріс алған кезде, олар біздің «сендерде мемлекетке тәуелді басылымдар бар ма?» – дегенімізге күлді. Оларға біздің бұл сауалымыз сондай күлкілі естілсе керек. Өйткені, не­міс басылымдары ешқандай билікке тәуелсіз.
– Журналистика мұндай өлі­ара шақтан қашан және қалай шығады?
– Азаматтық журналистиканы дамыту керек. Азаматтық журналистика дегені­-міз – қазір батыста да жаңа термин болып еніп келе жатыр. Бізде де. Құдайға шүкір, қанша жерден тыйым мен бақылаулар көп болса да бізде интернет даму үстінде. Сол интернет арқылы азаматтардың белсенділігін арттыру, блоктар ашу бүгін қолға алатын мәселе. Оған екінің бірінің журналист болуы шарт емес, өз қоғамындағы мәселеге қатысты әркім ойларын ашық беріп отырса, азаматтық журналистика дамиды. Бүгінгідей тыйымы көп заманда халыққа анық ақпаратты жеткізу үшін азаматтық журналистиканың дамығаны ауадай қажет. Интернетте азаматтық жур­налистиканы дамыту, сол арқылы қо­ғам­ға үн қосу әр азаматтың міндеті. Нью-Йоркте, тағы басқа да жерлерде азамат­тық журналистиканың арқасында талай былықтың әшкерленген кездері болған.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Шолпан Қараева,
«Заң газеті»
Қазақстандық блоггерлардың саны аймақтық журналистермен толықты
 
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ – Қазанның 4-і мен 5-інде Талдықорғанда «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының  ұйымдастыруымен журналистерге арналған семинар өткізілді.

Орталықтың директоры Есенгүл Кәпқызы хабарлағандай, бұл іс-шара Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қаржылай көмегінің арқасында ұйымдастырылды.

«Семинардың тақырыбы – “Аймақтық журналистика және жаңа медиа”. Бұл оқулардың мақсаты – қазақ тілінде жазатын журналистерді жаңа медиа-технологияларды енгізу біліктілігіне үйрету. Сонымен қатар, оларды өзінің кәсіби қызметінде пайдалана білу», – деп атап өтті Есенгүл Кәпқызы.

Семинар-тренинг жұмысына аудандық, қалалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының 12 журналисі қатысты. Негізінен олар облыстық «Жетісу» телеарнасының репортерлері.

Екі күн ішінде баяндамашылар Асхат Еркімбай, Әлия Сембай мен Дінмұхамед Зиядин интернет мүмкіндіктерін жедел байланыс, коммуникация құралы ретінде, алынған мәліметтерді бекіту, мағлұматтарды өңдеудің, мәтіндерді редакциялаудың, сонымен қатар ақпаратты жинау, сақтау және тез арада жеткізу құралы ретінде пайдалануға үйретті.

Сонымен қатар, барлық 12 журналист ұстаздардың көмегімен өз блогтарын құрып алды.

Қазақпарат агенттігі

07 04 2010

«Қазақтілді ақпарат тәжірибесіне жаңа медиа технологияларын енгізу» тақырыбында тренинг өтеді

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы Сорос Қазақстан қоры мен ЕҚЫҰ-ның (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) Алматыдағы өкілдігінің қолдауымен «Қазақтілді ақпарат тәжірибесіне жаңа медиа технологияларын енгізу» тақырыбында мамыр айының 28, 29 күндері екі күндік семинар-тренинг өткізбек.

Семинар-тренингке қазақ тілінде жаңа медиа технологияны түсінгісі келетін, журналистік қызметінде ғаламтор мүмкіндігін (блог, микроблог, әлеуметтік желілер, web 2.0 тәсілдері) кеңірек пайдалануды көздейтін журналистер мен журналистикаға бейімі бар жандар шақырылады.

Тренинге қатысамын деген үміткер «Жаңа медиа және қазақ басылымы», «Блоггер болғым келеді» тақырыптарында мақала жазып, «Minber.kz» ұлттық интернет газетіне 20 мамырға дейін жолдауы тиіс. Ертерек жолданған өтініштердің қабылдану мүмкіндігі жоғары болмақ. Жазбалар мына мекен-жай бойынша қабылданады: minber.kz@gmail.com

Бұл мақалаңыз арқылы сіз жаңа медиа проблемаларын қаншалықты түсінетіндігіңіз және тақырыпқа қаншалықты ынталы екендігіңіз анықталады. Бұдан соң, әрбір қатысушыға арнайы сауалнама парағы жолданады. Сауаланама парағына қатысушылар өздері жайлы мәліметтерін енгізуі тиіс.

09 03 2010

Nokia компаниясы “Мінбер” орталығымен бірігіп,
жас журналистерге қалтафонның тың мүмкіндіктерін таныстырды

“Мінбер” Қазақ журналистерін қолдау орталығы Алматыдағы Nokia компаниясының өкілдігімен бірлесіп журналистика факультенінің қазақ бөлімі студенттеріне арнап, арнайы тренинг өткізді.

Еліміздегі қалтафон тұтынушылар саны күн сайын артып отыр. Сондықтан мобильді операторлар қызмет көрсету саласын жақсартып, бәсекелестерінен озу үшін қызмет етеді.Ал қалтафон өндіруші компаниялар телефонды тек қана байланыс құралы ғана емес, әлеуметті қоғамның белсенді азаматы болуға үндейтін үстеме бағдарламалармен қамтамасыз етпек.

Әлеуметтік сауалнамаға сенетін болсақ, Қазақстандағы телефондардың 60 %-дан астамы Nokia компаниясының телефондары екен. Фин компаниясының өнімін қазіргі кезде күллі әлем қолданады.

Nokia-ның ТМД Оңтүстігі елдеріндегі Nokia басқарушысы Карел Голуб Nokia телефондарының қазақ тілді үлгілері шыққандықтан, енді қазақ тілді қолданушыларға телефонның мүмкіндігін кеңінен түсіндіретін сәт туындағанын айтады.

«Студент жастар – әлеуметтік желілердегі ең белсеңді аудитория. Біздің мақсатымыз – студенттерге ұтқыр да ұшқыр құрылғылардың өсіп келе жатқан мүмкіндіктері туралы айтып, Nokia шешімдері қолданушыларға күнделікті мәселелерді шешуге көмектесетінін көрсету» дейді ол.

Nokia телефондарына арналған Ovi store тегін онлай желісінде хат алмасып, көпке ортақ суреттерді сақтауға әрі мәліметтермен бөлісу мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде әлемдік телефон компаниясы қалтафонды тек қана сөйлесу құралы ғана емес, әлеуметтік даму үшін пайдасы бар құрылғыға айналдыруға баса мән беріп отыр.

11 12 2009

“Қазақтілді БАҚ: бүгіні мен ертеңі”

“Мінбер” қазақ журналистерін қолдау орталығы IWPR Алматы өкілдігімен бірлесіп, “Қазақстандағы қазақтілді БАҚ-тың жағдайы” атты тақырыпта арнайы семинар ұйымдастырды.

13.02.2010

Қазақ Интернеті және заңнама мәселелері

“Мінбер” Журналистерді қолдау орталығы “Әділ сөз” Халықаралық сөз бостандығын қорғау орталығынымен бірігіп, қазақ журналистеріне арнап, арнайы тренинг өткізді.

21.08.2009

“Мінбер” сөз алды

Ғаламторда белгілі журналист Есенгүл Кәпқызының жетекшілігімен «Мінбер» (www.minber.kz) атты жаңа интернет-басылым пайда болды. Санаулы күн бұрын тіркеуден өткен сайт редакторының алға қойған жоспары көп. Жалпы, интернеттегі қазақтілді сайттардың үлесі, оның ішінде, мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарының орны туралы сауалдар алдымен журналистерді қызықтырады. Сондықтан әріптесімізге сәттіліктер тілей отырып, жаңа жоба туралы өз пікірін сұраған едік.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» интернет-газетінің редакторы:

– Интернет-газетін ашу туралы идея бізді көптен бері мазалайтын. Әуелі 2001 жылы Орта Азия зерттеу институтының бастамасымен «Тарлан» атты интернет-газеті пайда болды. Мен осы газетте біраз уақыт жауапты редактор қызметін атқардым. Бірақ қаржы тапшылығы салдарынан, бұл жоба ұзаққа бармады. Сосын «Polisy.kz» атты сайттың қазақша парағын аштық. Бірақ мұның да ғұмыры бір жылдан аспады. Біраз уақыт тегін жұмыс істеуге тура келді. «Мінбер» интернет-газетін ашу туралы бастаманы жаңа медиа кеңістікте аздаған тәжірибелері бар жастар алға тартты. Олар – «Мәссаған» веб-порталының авторлары Жанарбек Матай, Бақытнұр Бәйтелі және Асхат Еркімбай. Біз осы тақырып төңірегінде бір жыл бойы талқылау өткіздік. Сөйтіп, қазақ тілінде барлық жаңа медиа талаптарына жауап беретін интернет-газетін ашуды жөн санадық.

Айта кетейік, басылым «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының аясында жарық көріп отыр. Бұл қорды құрудағы мақсат – қазақтілді журналистерге құқықтық және кәсіби қолдау көрсету.
Интернет-газет ашу туралы идеяны қолдап, алғашқы болып қол созған – Мемлекеттік тілді қолдау жөніндегі президенттік қор. Төрағасы – Берік Әбдіғали. Соңғы уақыттарда бізде интернетті пайдаланушылардың саны өсіп келеді. Яғни сұраныс көбейді. Бірақ сол сұранысты қанағаттандыратын интернет ресурстар бәрібір аздық етеді.

Асқар АҚТІЛЕУ, “Алаш Айнасы”